Жаңалықтар тізбегі
0

Қазақстанда сүндет той жасау қанша тұрады

Сүндет той, сурет - Zakon.kz жаңалық 19.08.2022 14:31 Сурет: Zakon.kz
Zakon.kz тілшісі Қазақстанның түкпір-түкпірінде сүндет тойды қалай атап өтетінін және оған қанша қаражат жұмсайтынын білді. Әзірше ең арзан сүндет тойды Түркістанда жасауға болады. Алматы мен Нұр-Сұлтан баға жағынан жоғары орынды алады.

Этнограф сүндет тойдың мәні туралы не дейді?

Этнограф Досымбек Қатранұлының айтуынша, оңтүстік мұсылман халықтары, яғни арабтар, еврейлер және тағы басқа ұлттар ер баланы туған кезде бірнеше күнде сүндеттеп жібереді. Ал қазақта баланы 5 немесе 7 жасқа толғанда сүндеттейді. Дәл осы уақытта сүндеттеуінің өз мәні бар.

Біріншіден, бала ес білетін кезге жетеді, есейеді. Екіншіден, қазақ 7 жасты жарты мүшел деп есептейді. Жарты мүшелге жеткен балаға енді ойын баласы емес, оның мәртебесі өзгерді, шаруаға қолғабыс бола бастады, жігіт болды деп қараған. Қазақ қоғамында осы жаста ұлдар мал жаюға көмектеседі, сондықтан 7 жасты «қой жасы» деп те атайды. Адамға жаңа статус беріледі. Сондықтан осы жаста баланы сүндеттеп, туыс-жақынды, ауылды шақырып, тойлатқан. Этнограф Досымбек Қатранұлы

Этнографтың сөзінше қазақ сүндет тойды атқа міну дәстүрімен қоса атқарған. Сүндеттелген бала атқа отырып, ел-жұртты аралап, өзінің сүндет тойына әрі «тоқымқағар» тойына қонақты өзі шақырған. Ал тоқымқағар дәстүрі баланың дербес болғанын, аттың тізгінін өзі ұстап, жолға шығуын, шыға алатынын білдіреді.

Алғаш атпен жолға шығарда балаға өмірде жолы болған, мәртебелі адамның тоқымын беріп, соны ат үстінде қағатын болған. Сондықтан да бұл жоралғы тоқымқағар аталады. Қазақ осылай екі дәстүрді қатар атқарған. Екеуі қатар атқарылатын болған соң шығар, сүндет тойды атқа міну деп те айтып жатады. Досымбек Қатранұлы

Этнографтың айтуынша, араб елдерінде бірнеше баланың сүндет тойын қатар істейтін жағдайлар да кездеседі. Тарихта Бейбарыс Сұлтан уәзірлері мен сарбаздарының балаларын сүндеттеп, бірнеше баланың тойын бір күнде жасағаны туралы деректер бар. 

Алматыда сүндет той жасау қанша тұрады?

Мая апай екі немересіне Алматыда той жасайын деп отыр. Тойға жалпы 120 адам шақырыпты. Мейрамханадағы әрбір орынның құны -15 мың теңге. Шақырылған 120 адамға 1 миллион 800 мың теңге төлеу қажет. Сүндет той шығыны шамамен мынадай:

  • Мейрамхана – 1 миллион 800 мың теңге

  • Тойбастар – 230 мың теңге

  • Тамада, видео – 150 мың теңге

  • Бишілер – 60 мың

  • Фотографтар – 25 мың теңге

  • Тойдың барлық шығыны шамамен – 2 115 150 теңге.

Мая апай тойда баланы тақпен алып шығуды тиімсіз деп есептейді. Себебі тақпен көтеріп шығу қызметі тойдың бас жағында аз уақытқа ғана керек. Оның айтуынша, осы уақыт үшін төлейтін сомасы қызметіне тұрмайды. Сондықтан Мая апай өзі ән жаздырып, екі немересін сол әнмен ортаға алып шықпақ. Бұл – әженің немерелеріне дайындаған тосынсыйы.

Адам санын, қаражатымызды есептеп, шамамызға қарай ұйымдастырып жатырмыз. Қалада бәрі қымбат болғандықтан өзімізге ыңғайлы әрі қаржы жағынан тиімді нұсқаларды таңдадық. Сүндет той жасау – қазақтың дәстүрі ғой. Оның үстіне ата-ана баласына той жасауы парыз деп есептейміз. Біз ата-апасы болғандықтан немерелерімізге той жасап бергіміз келді. Мая апай

Мая апай екі немересін мектепке баратын жасында стресс алмасын деп, әдейі 1 жас 6 айында сүндеттеген екен.

Ақтауда сүндет той жасау қанша тұрады?

Ақтаулық тұрғын Жанар екі ұлының және әулеттің үлкен әжесінің мерейтойын қосып жасаған. Мейрамханаға 1 миллион 500 мың теңге төлеген. Одан бөлек шығын мынадай:

  • Тамада – 70 мың теңге

  • Бишілер – 20 мың теңге

  • Баннер – 30 мың теңге

  • Тойбастар – 100 мың теңге

Жанар Ақтаудағы тойға жалпы 2 миллион теңге жұмсағанын айтып отыр. Тойға барлығы 150 адам қатысқан.

Ең арзан той Түркістанда

Түркістандық Айсара апай жақында немересіне ұлан асыр сүндет той жасаған. Той иесі 300 адамдық жиынға 1 миллион 950 мың кетті деп отыр. Түркістан қаласындағы кафеге адам басына 1500 теңгеден беріп, бірақ бүкіл дастарханын өзі дайындап той жасаған.

  • Мейрамхана 300 адамға шамамен – 420 мың теңге

  • Видео-фото – 150 мың теңге

  • Сынған ыдысқа – 15 мың теңге

  • Тамада қызметі – 60 мың теңге

  • Бишілер – 20 мың теңге

  • Таққа отырғызып, шығару қызметі – 70 мың теңге

  • Аниматорлар – 36 мың теңге

  • Сүндеттелген баланың киімін жалға алу – 15 мың теңге

  • Тойбастар жалпы – 65 мың теңге

1 миллион 950 мыңның ішіне тойдың негізгі шығынынан бөлек құда-құдағиға берген алтындар, киіт, тойбастар деген сияқты нәрселер кіреді. Маған той салыстырмалы түрде әлдеқайда арзан шықты. Тұңғыш немерем болғандықтан бұл көп күткен, арнайы дайындалған тойымыз. Бір жыл бұрын дайындалдық, карантин болмаса екен деп жүрдік. Тойдың соңғы жағында кіші немеремнің тұсауын кестік. Жалпы той жақсы өтті, шүкір.Айсара апай

сүндет той, сурет - Zakon.kz жаңалық 19.08.2022 14:31

Сурет: Айсара апайдың жеке архивінен

Елімізде сүндет тойды мейрамхана жалдамай-ақ үйде атап өткендер де жетеді. Той иелері мұндай жиын әлдеқайда тиімді екенін алға тартады.

Үйдегі сүндет тойға қанша кетеді?

Алматы

Алматы тұрғыны Нұргүл де көктемде ұлын сүндеттеп, үйдің ауласына шағын той жасаған. Қой сойып, 50 адамға дастархан жайған. Дастархан дайындау үшін столдарды жалға алған. Қой, столдарды жалға алу, азық-түлік, торт пен тойбастарға барлығы 400 мың теңге жұмсаған.

Ал баласын сүндеттеуді өзінің таныс дәрігеріне сеніп тапсырыпты. Ол кісіге рақмет ретінде алтын сақина (шамамен 60 мың тұрады) алыпты.

Үйдің ауласында, өзімізге қолайлы жерде әрі көп шығындалмай тойлағанымыз өзімізге ұнады. Жақындарымыз құтты болсын деп, сыйлығын, қаржысын берді. Солай той өзін ақтады.Алматы тұрғыны Нұргүл

жиын, дастархан, сурет - Zakon.kz жаңалық 19.08.2022 14:31

Сурет: pexels

Тараз

Тараз тұрғыны Тілектес биыл екі ұлын сүндеттеген. Балақайларды арнайы хирургке апарып, 24 мың теңге төлеп, сүндеттепті. Ал жағатын дәрі-дәрмекке 2000 теңгедей жұмсаған. Сүндет тойды шағын етіп, үйде атап өтіпті. Той иесі үйдегі жиынға барлығы шамамен 210-220 мың теңге жұмсаған.

Маған үйде атап өту қолайлы болды. Мысалы, кафеде той жасау әлдеқайда қымбат шығады. Сондықтан үйге туыс-жақындардан 30-40 адам шақырып, дастархан жайып, атап өттік. Етпен қоса есептегенде азық-түлікке 150 мың теңге жұмсадым. Киім-кешек, той бастар, атқа отырғызу деген сияқты жорғалғыларды жасамадық. Сүндет той екі ұлдікі ғой деп екеуіне сыйлық алып бердім. Үлкеніне велосипед, ал кішісіне самокат сыйладық. Екеуін қоса есептегенде сыйлыққа 40 мың теңге кетті.Тараз тұрғыны Тілектес

 Нұр-Сұлтандағы той ұйымдастыру орталықтарының бағасы

Nurbek studio той ұйымдастыру орталығына хабарласқанымызда олар тойдың да бірнеше деңгейге бөлінетінін айтты: орташа деңгейдегі той және жоғары деңгейдегі той. Тіпті одан да жоғарысы бар.

Жалпы той клиенттің қаражатына қарай ұйымдастырылады. Клиент қандай тойды қалайды, сондай қызмет ұсына аламыз, соған сай ұйымдастырамыз. Қызметке тамада, әншілер, фото-видео, сүндет тойда баланы алып шығу және интерактив номерлер кіреді. Ұйымдастыру орталықтарының жұмысына баннер жасау кірмейді. Бірақ баннер бағасы үнемі өзгеріп отырады. Себебі оның да түр-түрі, арзаны, қымбаты бар.Нұр-Сұлтандағы той ұйымдастыру орталығының қызметкері

Жалпы той ұйымдастыру орталығының қызметі 500 мың теңгеден басталып, бірнеше миллионға дейін барады.

мейрамхана, сурет - Zakon.kz жаңалық 19.08.2022 14:31

Сурет: pixnio

Алматыдағы мейрамхана бағасы мен Нұр-Сұлтандағы тойхана бағасын салыстырып көрдік

Алматы облысындағы мейрамхана бір орынға шамамен 8000 теңге сұрайды. Ал Алматыда 12000-нан басталады. Бұл қаражатқа екі тамақ, бес салат, үш түрлі тіскебасар, тәттілер, жеміс-жидектер, сусындар және алкоголь – кіреді.

200 адамға той жасағысы келген адам сонда мейрамханаға 1 миллин 600 мың төлейді. Сонымен қатар той иесі адам басына 10 мың төлеймін десе, онда тамада, ансамбль, биші, видео, фото қызметі де осы сомаға қосылады.

Нұр-Сұлтандағы мейрамхана бір орынға 7700 теңге сұрап отыр. Еғ сорақысы, бұл сомаға ет, жеміс-жидек, тәттілер, сусын мен алкоголь кірмейді. 200 адамға той жасайтын адам мейрамханаға 1 миллин 540 мың теңге төлейді.

Қорыта айтқанда Қазақстанда ең арзан тойды оңтүстік өңірде өткізуге болады. Ал баға жағынан жоғары орынды Нұр-Сұлтан қаласы алып отыр. Алматы да қалыспайды, өзге өңірлермен салыстырғанда Алматыда ұйымдастырылған той қымбатырақ түседі.

 

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Бөлісу
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Жаңалықтар трендінде болыңыз!
Хабарландыруларды қосыңыз және алдымен расталған жаңалықтарды алыңыз.

Браузерде хабарландыруларды кез келген уақытта өшіруге болады

Біздің хабарландыруға жазылыңыз!
Хабарландыру қосу үшін қоңырау белгісін басыңыз
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: