Семейдегі 100 жылдық тарихы бар қирап жатқан ғимараттарды қалай сақтап қалуға болады

зоотехникум, Семей Сурет: Православие ақпарат агенттігі
Шығыс Қазақстанның қоғам белсенділері бұрыннан бері Семей сәулет мұраларының жойылу қаупіне байланысты дабыл қағып келеді. 1997 жылы қала облыс орталығы дәрежесінен түсіп қалғаннан кейін, мұндағы көне құрылыс нысандарының жағдайы жыл сайын нашарлап келеді, деп хабарлайды Zakon.kz.

Тіпті көптеген ғимараттар жойылып кеткен. Алайда биыл Семей қайтадан облыс орталығы болып, белсенділердің көне ескерткіштерді сақтап қалуға деген үміті қайта жанды.

Жақында Абай облысындағы сәулет, тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғау жөніндегі комиссияның бірінші отырысы өтті. Бірінші кезекте, көне Семей телеграфы мен бұрынғы зооветиринарлық техникум ғимараттарын толық қалпына келтіру ұсынылды. Зооветеринарлық техникум ғимаратының тағдыры талай рет өткір пікірталас тудырған еді. Оқу орны бұл ғимараттан көшкен соң, ол жеке меншікке берілді. Жаңа қожайын үйді бұзбақшы болған, алайда, қоғам белсенділері оны қорғап қалды. Енді сәулет ескерткішінің келешек тағдыры не болары белгісіз. Онда музей ашылады деген ақпарат расталған жоқ. Ал жақын арада қалпына келтіру жұмыстары жүргізілмесе, ғимараттың қирап қалуы әбден мүмкін.

Зооветтехникум ғимаратының жанынан сауда орталығын салып, қазылған жерді ғимаратқа тақап төкті. Нәтижесінде көне ескерткіш көз алдымызда қирап қалуға шақ қалды. Бұл қасақана жасалған іс. Қаланың алғашқы телеграфының ғимараты да осындай күй кешуде. Бүгінде ол да апатты жағдайда. Оның үстіне, ғимараттың іргетасы бірнеше ондаған сантиметрге шөгіп қалған. Тіпті, жол жиегіндегі тротуарға тақалып, есігі де ашылмай қалды, – дейді қоғам белсендісі, гид Валерия Топольняк.

Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов бұл құрылыс нысанын сақтап қалуға уәде берген. 2021 жылы Харьков құрылыс және сәулет ұлттық университеті тәуелсіз сараптама жүргізіп, нәтижесінде нысанның қирап қалмауы үшін қалпына келтіру жұмыстары қажет екенін растаған. Ескерткіштерді қорғау жөніндегі комиссия отырысының қорытындысы бойынша, бұрынғы зооветтехникум ғимаратының қожайындарына қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу тапсырылды. Алайда, меншік иелері әзірге тек уәде берумен ғана шектелуде.

телеграф

Сурет: Православие ақпарат агенттігі

Семейдің алғашқы телеграфының ғимараты сәулет ескерткіші мәртебесінен айырғаннан кейін, 2020 жылы сол кездегі қала әкімі Ермак Сәлімов оны сақтап қалуға уәде берген. Онда балалар кітапханасы орналасады деп болжанған, алайда, бұрынғы сәулет ескерткішіне нақты кім орналасатыны әлі анықтаған жоқ.

Қазір сметалық шығын есептеліп жатыр. Шатырдың, қабаттар арасындағы жабындылардың жөндеу жұмыстарын санап жатырмыз. Содан кейін толық жобалау-сметалық құжаттама әзірленіп, сараптамадан өтеді. Ал қазір бюджеттен бөлінетін жалпы сома есептелуде. Халықпен кездесуде бұл мәселе көтерілген, – деп мәлімдеді Семей сәулет бөлімінің басшысы Ардақ Исатаев.

телеграф, Семей

Сурет: Православие ақпарат агенттігі

Телеграф ғимаратының көрінісі аянышты: іші қаңырап бос қалған, терезелерінде әйнек жоқ, тақтайшалармен бекітілген, баспалдақтардың біразы қираған.

Айта кететін жайт, Абай облысының сәулет, тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғау жөніндегі комиссия отырысында сәулет ескерткіштерінің тізімін кеңейту туралы шешім қабылданды.

Соңғы жылдары Семейдің сәулет қоры айтарлықтай зардап шекті. Алайда, қалада XIX ғасырда салынған көне ғимараттар жетерлік. Олардың бір бөлігі мемлекетпен қорғалады. Бірінші кезекте, бұл Абай Құнанбаев мемориалдық кешенінің ғимараттары: Ахмет-Риза мешіті, медресе, Әнияр Молдабаев пен көпес Ершовтың үйлері. Федор Достоевскийдің аты аңызға айналған мұражай-үйі де бар, мұнда жазушы XIX ғасырдың 50-жылдарында өмір сүрген. Сондай-ақ XIX ғасырдың ортасында түрік шеберлері салған бір және екі мұнаралық мешіттер бар.

Татар ауылы

Сурет: Православие ақпарат агенттігі

Сол уақытта Семейде Воскресенский православие соборы да тұрғызылған еді. Ол діни қуғын-сүргіннің ең қиын жылдарынан өтіп, 1930 жылдардың соңында бұзылу қаупінен аман қалған болатын. Мұның барлығы сәулет ескерткіштері ретінде қорғау мәртебесіне ие белгілі ғимараттар. Ал осындай мәртебе берілмеген бірегей ғимараттар Семейде қаншама. Мәселен, Татар ауылы. Бұл XIX және XX ғасырдың басында салынған қала орталығындағы бірнеше ормадар. Мұнда татар көпестерінің дәстүрлері сәулет элементтерінде көрініс тапқан – мысалы, қарапайым ағаш үйлердің жанында тастан жасалған қақпаларды байқауға болады. Ағаш ғимараттардың өзі кейде ертегілердегі үйшіктерді еске салады. Өкінішке орай, бүгінде бұл үйлердің де жағдайы нашар күйде.

Қорыта келгенде, көне сәулет ескерткіштерін қалпына келтіріп, оларды қайта жандандыру аса маңызды. Бұл Семейдің гүлденіп, көркеюіне орасан үлес қосып қана қоймай, сондай-ақ келешек ұрпақтың қаланың көне тарихымен танысып, көзімен көруіне мүмкіндік берер еді.

Юрий Аязов

Аударған Айдар Өрісбаев

Айдос Қали
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Бөлісу
0
Толық оқу
Басты Топ LIVE Бәрі
Жаңалықтар трендінде болыңыз!
Хабарландыруларды қосыңыз және алдымен расталған жаңалықтарды алыңыз.

Браузерде хабарландыруларды кез келген уақытта өшіруге болады

Біздің хабарландыруға жазылыңыз!
Хабарландыру қосу үшін қоңырау белгісін басыңыз