Елімізде ең көп қойылған қос есімдер

Қос есімдер, ең танымал есімдер, есім қою, ат қою Сурет: unsplash
Елімізде жаңа туған нәрестелерге қос есімдер жиі қойыла бастады. Ата-аналар сән қуып немесе туыстарына деген құрметін білдіру үшін әдеттен тыс, кейде күрделі ат ойлап тауып жатады. Zakon.kz биыл сәбилерге ең көп қойылған қос есімдерді санамалап көрді.

Мұхаммед-Әли

Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша, жаңа туған ұл балаға ең көп қойылған есім Мұхаммед-Әли (80) болды. Бұл есімді ата-аналары әртүрлі жаздырған: Мұхаммед-Али (75) және Мухаммад-Али (59). Жалпы, 2022 жылдың басынан бері 214 сәбиге осы есім қойылған.

Мұхаммед – мұсылмандар арасында өте кең таралған есім. Ислам шариғатында балаға "Мұхаммед" деп ат қоюға қатысты ешқандай тыйым жоқ. Қайта керісінше, рұқсат етілгені жөнінде бірқатар хадистер бар.

 "Мұхаммед" сөзі "мақталушы, дәріптелуші" деп аударылады, "ха-ми-да", яғни, мақтау, алғыс айту, дәріптеу етістігінен шыққан.

Әли – Мұхаммед пайғамбардың немере інісі, күйеу баласы, сахабасы, төрт халифаның төртіншісі. Исламды алғаш қабылдаған жандардың бірі.

Әлемдік спорт тарихындағы ең ұлы спортшыларының бірі, 1960 жылы Олимпиада ойындарының жеңімпазы, әлемнің бірнеше дүркін чемпионы Кассиус Клей Мұхаммед Әли есімін алды. Боксшы Мұхаммед Әли "Ғасыр спортшысы" атағының иегері атанды.

Әл-Фараби

Биыл 66 балаға осы ат қойылды. Қазақстанда Әл-Фараби есімді 41 ұл бар.

Әбу Насыр Әл-Фараби (870 – 950 ж. ш) — әлемге әйгілі ойшыл, пәлсапашы, әлеуметтанушы, математик, физик, астроном, ботаник, лингвист, логика, музыка зерттеушісі. 

Абдул-Азиз

Ұлттық статистика бюросының мамандары жыл басынан бері мұндай есім 50 нәрестеге қойылғанын анықтады.

Абдул-Азиз – араб тіліндегі екі құрамды есім. Абдул-Азиз есімі екі сөзден құралған Абд (құл) және Аль-Азиз (Құдіретті), араб тілінен аударғанда "Құдіреттінің құлы" деген мағынаны білдіреді.\

Нұр-Мұхаммед

2022 жылдың басынан бері 47 сәбиге осы ат қойылған. Бұл есімнің көбіне "Нұрмұхаммед" деп бірге жазылған нұсқасы қолданылады.

Екі құрамнан тұратын есім, "нұр" және Мұхаммед пайғамдардың есімінен алынған.

Хан-Төре

Биыл елімізде 40 Хан-Төре дүниеге келді.

Хан есімі түркі тіліндегі "қаған", "хақан", "қаған" – "әмірші" деген жалпы есімнен шыққан. Бұл сөз атақ пен лауызымды білдіреді.

Төре (түркі, қазақ) атауы, мағынасы "ақсүйек", "хан текті" дегенді білдіреді. Төре – Қазақ хандығында билік құрған ақсүйектер элитасының (Керей хан мен Жәнібек хан) жоғарғы табын құраған Шыңғыс хан ұрпақтарының әулеті.

Хан-Сұлтан

Жыл басынан бері елімізде 40 сәбиге Хан-Сұлтан есімі қойылды.

Сұлтан есімі араб тілінен аударғанда "әмірші" деген мағынаны білдіреді. Шығыс елдерінде бұл сөз зайырлы билік иелеріне қатысты қолданылған. Жаңа туған нәрестеге Сұлтан есімін қоя отырып, ата-анасы бала билеуші болсын, биік белестерді бағындыратын азамат болсын деп ырымдайды. ​

Қасым-Жомарт

2022 жылы Қазақстанда барлығы 39 кішкентай Қасым-Жомарт дүние есігін ашты.

Қасым араб тілінен аударғанда "әдемі" дегенді білдіреді. Басқа деректерде Қасым есімі "ксм" етістігінен шыққан және "бөлу" – "бөлуші, таратушы" деген мағынаны білдіреді.

Қасым хан (1445—1521) — қазақ хандарының бірі, Қазақ хандығының негізін қалаушылардың бірі — Әз-Жәнібек ханның ортаншы баласы. "Қасқа жол" деп аталатын заң қазақ арасында бұрыннан қалыптасқан әдет-ғұрып ережелері негізінде Қасым хан тұсында жасалған.

Жомарт қазақ тілінен алынған "жомарт, қайырымды" дегенді білдіреді.

Бұл есімді иеленген еліміздегі елеулі тұлға – ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев. Соңғы жылдары көптеген ата-ана ырымдап баласының атын Қасым-Жомарт деп қойғанын бағамдауға болады.

Қасым-Жомарт есімі 2019 жылдан кейін кең тарала бастады. Биыл Қасым-Жомарт есімді 654 адам тіркелді.

Әбу-Бәкір

Биыл 33 нәресте осы есімді иеленді.

Әбу-Бәкір – араб тілінен алынған есім.

Әбу-Бәкір (573 – 636) — Мұхаммед пайғамбардың ізбасары, мұсылмандардың алғашқы халифы. Есімдегі Әбу – "әке", Бәкір – "жас түйе" деген мағынаны білдіреді.

Бұл есімді иеленген адам жомарт, қолындағысын бөлісуге дайын тұратын адам болып өседі деген сенім бар.

Әл-Тайыр

Жаңа туған 31 сәбиге биыл ата-анасы Әл-Тайыр деп ат қойыпты.

Бұл атау арабтың таир – "жоғарыға ұшушы", "құс" деген мағынаны білдіретін сөзінен алынған. Оның үстіне бұл атау Бүркіт шоқжұлдызындағы ең жарық жұлдыздың атауынан шыққан. Бұл аспандағы он екінші жарық жұлдыз, сондықтан оны көзбен көруге болады.

Әл-Мансұр

2022 жылы 28 Әл-Мансұр есімді бала дүниеге келген.

Бұл есім араб тілінен "жеңімпаз" деп аударылады.

Әл-Мансұр немесе Әбу Жапар Әбдуллаһ ибн Мұхаммед әл-Мансұр (28 тамыз 714, Хүмайма — 7 қазан 775, Бағдат) — Ислам халифатының 21-халифасы, мүміндердің әмірі.

Нұр-Ислам

Биыл 27 сәбиге осы ат қойылды.

Қазақтың екі құрамнан тұратын Нұр-Ислам есімі мұсылмандар арасында өте танымал. Нұр – "нұрлы, нұрлы сәуле" және ислам – "мойынсұну, (Аллаһ заңдарына) бағыну" атауларының бірігуінен жасалған.

Әбіл-Мансұр

2022 жылғы қаңтар айынан бері Қазақстанда тағы 26 Әбіл-Мансұр дүние есігін ашты.

Әбілмансұр — Абылай ханның шын есімі. Ол 1771 – 1781 жылдар аралығында билік құрған Қазақ хандығының 18-ханы. Қазақ Ордасының тарихындағы ең ұлы хандардың бірі.

Мансұр есімі "жеңімпаз" дегенді білдіреді.

Биыл қыздарға қойылған қос есімдердің ішінде Айша Бибі мен Айя-Сафия кеңінен танымал болды

Айша-Бибі

Биыл елімізде 53 қызға осы ат қойылды.

Көне еврей тілінен алынған айше сөзі — "ұзақ әмір сүруші", "өмірге құштар" деген мағынаны білдіреді. Арабша нұсқасы гәйше. Айша Мұхаммед пайғамбардың жұбайы болған. Бибі – Орта Азия халықтары, қазақтар, башқұрттар, татарлар арасында ең көп таралған әйел есімдерінің префиксі.

Бибі – түркі сөзі, "ханым" дегенді білдіреді. "Бибі" префиксі ол әйел есімдерін анықтаушы қызметін атқарады.

Сондай-ақ қазақ фольклорында ежелден бізге жеткен Айша-Бибі мен Қараханның махаббаты мен адалдығы туралы әдемі аңыз бар.

Айя-Сафия

2022 жылы дүниеге келген 30 сәби осы есімге ие болды.

Ая – араб сөзі, аударғанда "ғажайып, таңғажайып, әдемі, тамаша, керемет, ерекше" немесе "аят" дегенді білдіреді.

Сафия – "саф таза, тұнық; таңдаулы" деген мағына береді. Бұл есім София есімімен үндес. София –грек тілінен "ақылды, білімді, дана" деп аударылады.

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Бөлісу
0
Толық оқу
Басты Топ LIVE Бәрі
Жаңалықтар трендінде болыңыз!
Хабарландыруларды қосыңыз және алдымен расталған жаңалықтарды алыңыз.

Браузерде хабарландыруларды кез келген уақытта өшіруге болады

Біздің хабарландыруға жазылыңыз!
Хабарландыру қосу үшін қоңырау белгісін басыңыз