9 млн доллар, 113 пәтер, 35 көлік: рейдерлік әрекеттің мән-жайы
Агенттіктің мәліметінше, ұйымдасқан қылмыстық топ 11 адамнан құралған, оның бесеуі ұсталды, ал ұйымдастырушысы Қоспаев Елдосты қоса есептегенде алты адамға іздеу жарияланды.
"Қылмыстық топ алматылық кәсіпкерлерді ұзақ уақыт бойы қорқытып келген. Ұйымдасқан қылмыстық топ күш қолдану және қорқыту арқылы кәсіпкерлердің мүлкін, серіктестіктеріндегі үлестерін тартып алып, көлеңкелі кәсіпкерлікпен айналысқан". ҚР ҚМА баспасөз қызметі
Агенттік өкілдерінің хабарлауынша, 2019 жылғы 4 наурызда Алматыда Қоспаев сыбайластарымен бірлесіп, бизнесті дамытуға 160 миллион теңге салған "Profit Trade Ltd" ЖШС иелерін үлесінің 40 пайызын ұйымдасқан қылмыстық топтың белсенді мүшесі Имашевқа беруге мәжбүрлеген.
"Бұрынғы басшыларды басшылықтан шеттеткен ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелері жалған құжат жасау арқылы қалған 35 пайыз үлесті иемденген. Кәсіпорын алкоголь өнімдерін көтерме сатумен айналысып, тұрақты табыс тауып тұрған". ҚР ҚМА баспасөз қызметі
Сондай-ақ 2020 жылғы 30 шілдеде Қоспаевтың қылмыстық тобы бизнесіне 400 млн теңге құйған "Azovita Aktay" ЖШС мен "Azovita Atyray" ЖШС иесін қорқытып, кәсіпорынның жарғылық қапиталының 100 пайызын қайтарымсыз беруге мәжбүрлеген.
Агенттіктің мәліметінше, ұйымдасқан қылмыстық топ 2021 жылдың шілдесінде Қапшағай су қоймасындағы "Kapchagai Marina Club" ЖШС-не тиесілі құны 2 миллион доллар тұратын демалыс орнын күшпен басып алған.
"Сонымен қатар Қоспаев өзінің сенімді адамдары – ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелері арқылы Алматының ең беделді аудандарының бірінде Есентай Сити тұрғын үй кешенін салып жатқан "AV-Construction" ЖШС-нің 75 пайыз үлесіне иелік еткен. Қалған 25 пайызы белгілі кәсіпкер Әбдіғаппаровқа тиесілі, ол 2016 жылы ЖШС атынан тұрғын үй кешенін салу үшін 31 га жер телімін сатып алған". ҚР ҚМА баспасөз қызметі
Ведомство өкілдерінің айтуынша, Қоспаев пен оның сыбайластары туыстарына пәтерлер мен коммерциялық үй-жайларды рәсімдеу арқылы ЖШС мүлкін ұрлаған.
"2018 жылдың қазан айынан бері Қоспаев пен ұйымдасқан қылмыстық топтың мүшелері Бабаев, Әбіжанов, Танашев, Кудряшова және басқа да тұлғалар үш жер телімін, 20 қызметтік үй-жай мен 113 пәтерді иемденген. Салдарынан 4,6 миллиард теңге залал келтірді".ҚР ҚМА баспасөз қызметі