FlyArystan кәмелетке толмағандардың құқығын бұзғаны үшін жауапқа тартылуы мүмкін
Сурет: Zakon.kz
Алматы қаласының Авиациялық көлік прокуратурасы жолаушылар құқығын сақтау мәселесі бойынша "Флай Арыстан" АҚ авиакомпаниясының қызметіне тексеру жүргізді, деп хабарлайды Zakon.kz.
Бас көлік прокуратурасы баспасөз қызметінің мәліметінше, тексеру көрсеткендей, авиакомпания халықаралық рейстерге билеттерді сату кезінде 2 жастан 12 жасқа дейінгі кәмелетке толмаған жолаушыларға арнайы 50% жеңілдіктерді қолданбаған.
Мысалы, 2022 жылдың қаңтарынан қазан айлары аралығында халықаралық бағыттар бойынша стандартты тарифтер бойынша 3 мыңнан астам кәмелетке толмағандар тасымалданған.
"Прокуратураның ұсынуы негізінде Азаматтық авиация комитеті авиакомпанияға қатысты Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекстің 571-бабының 1-бөлігі бойынша әкімшілік хаттама толтырды", делінген хабарламада.
16 ақпанда жиналған материалдар Алматы қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотымен қаралып, жолаушыларды тасымалдау ережелерін бұзғаны үшін авиакомпанияны әкімшілік жауапкершілікке тарту туралы қаулы қабылданды.
Сот актісі заңды күшіне енген жоқ.
Бөлісу
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript