Жаңалықтар тізбегі
0

Жыл басынан бері елімізде 18 заңсыз ойынхана табылып, 27 қылмыстық іс қозғалды

Лудоман, сурет - Zakon.kz жаңалық 28.04.2023 20:31 Сурет: pixabay
Былтыр Қазақстанда заңсыз ойын қызметін көрсеткен 10 мыңнан астам интернет сайт пен жарнама жасаған Tik-Tok аккаунт анықталды. Заңсыз бизнестің бәрі Алматы, Жамбыл, Атырау және Қызылорда өңірінде жұмыс істеген, деп хабарлайды Zakon.kz.

2021 жылдан бері баспасөз беттерінде, телевизиялық сюжеттерде "Қазақстанда 350 мың лудоман тіркелген" деген бір бейресми дерек жүр. Бірақ ресми дерек басқалай. Денсаулық сақтау министрлігі лудоман ретінде 8 адамның тіркелгенін айтады. Былайша айтқанда, 350 мың лудоман деген – ойдан шыққан сан, бірақ ол Сенат пен Мәжіліс депутаттарының мәлімдемелеріне де, журналистердің зерттеулеріне де "азық" болып жүр.

Дегенмен, елімізде ойынқұмарлықтың тым кеңінен белең алғаны ешкімге жасырын емес. Ресми деректерге сай, өткен 2022 жылы казино мен букмекерлер 456,4 млрд теңгенің қызметін көрсетіпті.

Қазақстандағы казинолар да, букмекер мен ойын автоматтары заңдастырылған. Бірақ соңғы уақытта елімізде букмекерлер мен лото клубтарға толық тыйым салуды талап етушілер қатары көбейді.

Құмар ойынға толық тыйым салынса, ондай ойынның бәрі көлеңкеге кетіп, заңсыз жұмыс істейтін болады. Тыйым салмасақ – қоғамда лудомания дерті дендеп барады.

Ендеше "арбаны да сындырмай, өгізді де өлтірмеудің" амалы бар ма?

Еске салсақ, 2011 жылы елімізде казино мен ойын залдары Шучинск пен қазіргі Қонаев қалаларына көшірілді. Шамамен сол уақыттан бері бізде спортқа бәс тігуге деген сұраныс күрт артты. Сол кездері Қазақстанның әрбір қаласында казиноның орнына бәс қабылдайтын орындар қаптады. 2021 жылы үкімет "Ойын бизнесі туралы" заңға түзетулер енгізді. Онда букмекерлік бизнес заңдастырылып, олар да Шучинск пен Қапшағайға көшуге міндеттелді. Бірақ заңды күшейту мәселені түк те шешпеді: бәс тігуге деген сұраныс тек өсе берді, букмекерлердің жарнамалары еселене түсті. Букмекерлер тек онлайн жұмыс істейтін болды, қызметінің көлемі қатты өсе бастады. Пандемияның әсері де бар, бұл сала төмендеудің орнына өсімге бет алды.

Жуырда Мәжіліс отырысында су жаңа депутат Руслан Берденов букмекерлік кеңселер, құмар ойындар және интернет желісі арқылы ұсынылатын барлық бәс тігулерді елдегі күрделі мәселелердің бірі деп атады. Оның сөзінше, қылмыстық құқық бұзушылықтың 20 пайызына құмар ойындар себеп болуда. Әрбір бесінші суицидті құмар ойын ойнайтын адам жасаған дей келе, ол ДДСҰ лудоманияны ауру деп танығанын, оның емі жоқ екенін айтты. Тоқетері, депутат мынадай үш шараны қолға алуды ұсынды:

1. Заңнамалық деңгейде барлық ақпараттық алаңдарда, TV, радио, сыртқы жарнама, билбордтарда құмар ойынды жарнамалауға толық тыйым салуды;

2. Интернетте құмар ойындарды бұғаттау үшін интернет-контентті шектеу бойынша ең озық жүйелердің бірі ретінде Қытайдың тәжірибесін қолдану.

3. Құмар ойындарды ойнау үшін банктік карталар, пост-терминалдар, ұялы байланыс операторлары арқылы ойын шоттарына төлем қабылдауға тыйым салу.

Мәжілістің тағы бір депутаты Жанарбек Әшімжанов қаржы пирамидалары, онлайн-казино және басқа да құмар ойындарды жарнамалауға толық тыйым салумен қоса, 3 айдан астам уақыттан бері несиесін төлемеген тұлғалардан онлайн және офлайн бәс тігуді қабылдауға қатаң тыйым салуды ұсынды. Сонымен қатар, ол елде тыйым салынған, бірақ соған қарамастан интернетте кездесетін электрондық казинолардың жарнамалық қызметін бақылауды күшейтіп, лотерея терминалдары түгілі, лотерея билеттерін таратуға қатаң тыйым салу керек, деді.

Қазақстанда букмекерлік және лотерея бизнесінің қауымдастығы бар. Олар да құмар ойынның жарнамасы тым көбейіп кеткенін мойындайды. Толассыз жарнаманың салдарынан құмар ойынға бұрын қызықпай келгендер қызығып кетуі мүмкін. Ал бірақ құмар ойынның бәріне бас салып тыйым енгізсек, біз заңсыз бизнес деген одан да күрделі мәселеге тап боламыз, - дейді қауымдастық өкілдері. Мәселен, қазір Багам мен Виргин аралдарында тіркеліп, Қазақстанда жұмыс істейтін онлайн-казинолар әрнәрсені сылтауратып, қазақстандық ойыншыларға ірі ұтыстарын төлеуден жалтарады. Егер ондай онлайн-казинолар Қазақстанда тіркелсе, біз қазақстандық ойыншылардың құқығы мен мүддесін қорғай алар едік. Елімізде құмар ойындардың заңсыз парақшаларын қадағалайтын кибер бақылау жүйесі жұмыс істейді. Былтыр Қазақстанда заңсыз ойын қызметін көрсеткен 10 мыңнан астам интернет сайт пен жарнама жасаған Tik-Tok аккаунт анықталды. Ол заңсыз бизнестің бәрі Алматы, Жамбыл, Атырау және Қызылорда өңірінде жұмыс істеген.

Осы 2023 жылдың басынан бері елімізде 18 заңсыз ойынхана табылып, 27 қылмыстық іс қозғалды.

"Заңсыз айналымнан ойын автоматтары, терминалдар, рулетка, покер үстелі сияқты 300-ден астам мүлік, 11,5 миллион теңге сомасындағы қолма-қол ақша тәркіленді. Заңсыз 9 онлайн-казино, 2 букмекерлік кеңсе табылды. Кибер бақылау жүйесіне онлайн құмар ойын сайттарына шақыратын 1600-ден астам сілтеме енгізілді", - дейді ҚР Қаржылық мониторинг агенттігінің ресми өкілі Әлібек Әбділов.

Құмар ойын қалай ауыздықталуда?

2017 жылдың мамыр айында Қазақстанда "Лотерея туралы" заң қабылданды. Ал оған дейін еліміз бойынша ұзын-саны 30 мыңға дейін заңсыз жұмыс істейтін ойын терминалдары болған. Кез-келген адам кез-келген жерге заңсыз лото-терминалын орнатып қойып, оның ұтыс беру мөлшерін де өз қалауынша реттеп келген. Қазір ондай жабайылыққа заң бойынша жол берілмейді. Қазір Қазақстан бойынша заңды жұмыс істеп тұрған 5 мың Lotomatic терминалында қанша билет сатылғаны, қай адамның қанша ақша ұтқаны туралы деректер онлайн режимде Мәдениет және спорт министрлігіне түсіп отырады. Заңды түрде қадағалау бар.

Сонымен қатар, Қазақстанда қазір 300-ден сәл астам заңды лото клуб жұмыс істейді. Олардың қызметі қатаң ішкі ережелермен реттеледі, ойын қорытындыларының барлық деректері лотереялық ақпарат орталығына жүктеледі. Лото клубтарда ойыншының ойнау уақыты мен ойнайтын сомасына шектеу енгізілген. Сонымен қатар, жақын туысы, не танысы лото клубта тым көп ойнайды деп санайтын адамдар ұлттық лотерея операторына жүгіне алады. Қажет болса, оператор ондай ойыншыларды бұғаттап тастай алады.

Сарапшылардың сөзінше, ойын бизнесін толық жойып, одан толық құтылу қазіргі заманда мүмкін емес. Өйткені онда мол ақшаның айналымы жүреді, мемлекет салық түрінде табыс алады. Ойын бизнесі спорттан бастап басқа да көптеген әлеуметтік салаларға демеуші, отандық экономиканың бір тірегі. Құмар ойыннан құтылу мүмкін емес десек, ендеше мемлекет тарапынан құмарлықты бақылау тетіктері ұсынылуы керек.

Сол себепті қазір елімізде "Ойын бизнесі туралы" заңға түзетулер енгізу жобасы талқылануда. Ондағы басты ұсыныстардың бірі – ойын бизнесінің жарнамасына толығымен тыйым салу.

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Бөлісу
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Жаңалықтар трендінде болыңыз!
Хабарландыруларды қосыңыз және алдымен расталған жаңалықтарды алыңыз.

Браузерде хабарландыруларды кез келген уақытта өшіруге болады

Біздің хабарландыруға жазылыңыз!
Хабарландыру қосу үшін қоңырау белгісін басыңыз
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: