Ақтау портында 2025 жылға дейін "контейнерлік хаб" салынады
Оның айтуынша, кейінгі 15 жылда Қазақстанның көлік саласына шамамен 35 млрд АҚШ доллары инвестицияланған. 2,5 мыңнан астам темір жол, 13 мың шақырым автомобиль жолдары салынған, Қытаймен шекарада "Қорғас-Шығыс қақпасы" құрғақ порты, сонымен қатар қуаты жылына 21 млн тонна Ақтау және Құрық теңіз порттары нәтижелі жұмыс істеп жатыр. Тиімді транзиттік трансконтинентальды дәліздер мен маршруттар желісі құрылды. Бүгінде еліміз бойынша 13 халықаралық көлік дәлізі өтеді, оның ішінде 5 темір жол және 8 автомобиль дәлізі.
"Бүгінде Орталық Азия мен Еуропа арасында тасымалдау сапасын арттыру үшін барлық жағдай жасауға мүмкіндік беретін жаңа логистиканы жолға қою мүмкіндігін көріп отырмыз. Қазақстан Қытай, Оңтүстік-Шығыс Азия және Еуропа сияқты экономикалық алыптар арасында орналасқан және өз кезегінде өңірдегі көлік-транзиттік әлеуетті дамыту мен көлік дәліздерін жаңғырту үшін зор күш-жігер салып отыр", – деді М.Қалиақпаров.
Сонымен бірге осы бағытта Транскаспий халықаралық көлік маршрутының рөлі арта түсті. Былтырғы қорытынды бойынша жүктерді тасымалдау көлемінің екі есе өсуі осының бірден бір дәлелі.
"Былтыр қараша айында Ақтауда Әзербайжан, Грузия және Түркиямен "тар жерлерді" синхронды жою және орта дәлізді дамыту жөніндегі 2027 жылға дейінгі Жол картасына қол қойған едік. Осы құжатты іске асыру дәліздің өткізу қабілетін жылына 6 млн тоннадан 10 млн тоннаға дейін арттыруға мүмкіндік береді", – деді М.Қалиақпаров.
Осы ретте орта дәлізді дамыту шеңберінде 2025 жылға дейін Ақтау портында "контейнерлік хаб" салынады деп жоспарланып отыр. Бұл тасымалдау көлемін жылына қосымша 300 мың жиырма футтық эквивалентке дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді деп болжанған.