Армения мен Әзербайжан жер дауынан ресми түрде бас тартатындарын растады
Сурет: mfa.gov.az
Құжат 17 тармақты қамтиды және президенттер қол қойғаннан кейін күшіне енеді.
Жобаға сәйкес, тараптар егемендікті, аумақтық тұтастықты, халықаралық шекаралардың мызғымастығын және бір-бірінің саяси тәуелсіздігін мойындайды және құрметтейді. КСРО кезеңіндегі республикалардың шекаралары халықаралық шекаралармен анықталды.
Келісімде Әзербайжан мен Арменияның болашақта бір-біріне территорияға қатысты талаптары жоқ және оны мәселе ретінде көтермейтіндігі де бекітіліп, көрсетілген.
Елдер арасындағы бейбіт қатынастар туралы декларацияға Армения мен Әзербайжан басшылары 2025 жылдың 8 тамызында, жұмада Вашингтонда АҚШ президенті Дональд Трамптың қатысуымен қол қойды. Бұған дейін Америка президенті екі мемлекеттің көпжылдық қақтығысына нүкте қоюы керектігін айтқан болатын.
10 тамызда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Әзербайжан басшысымен телефон арқылы сөйлесті. Ол Ильхам Әлиевті АҚШ президенті Дональд Трамптың белсенді және тиімді көмегімен Вашингтонда Әзербайжан мен Армения арасындағы қақтығысты бейбіт жолмен шешу туралы тарихи декларацияға қол қоюымен құттықтап, жылы лебізін білдірді.