Зеленский Ельциннің қызына және Путиннің экс-жұбайына қарсы санкциялар енгізді
Сурет: Зеленскийдің Telegram-каналы
РБК дерегінше, украин санкциялық тізіміне Ресейдің тұңғыш президенті Борис Ельциннің қызы әрі кеңесшісі Татьяна Юмашева және оның жұбайы, бұрынғы президент әкімшілігінің басшысы Валентин Юмашев енген.
Сондай-ақ тізімде Аустрияның бұрынғы СІМ басшысы Карин Кнайсль, Татарстанның экс-басшысы Минтимер Шаймиев пен оның отбасы мүшелері, Мәскеу вице-мэрлері Анастасия Ракова мен Наталья Сергунина, Мәскеу қалалық думасының төрағасы Алексей Шапошников, саясаттанушы Дмитрий Саймс, қорғаныс министрінің орынбасары Павел Фрадков бар.
Бұдан бөлек, тізімде Владимир Путиннің бұрынғы жұбайы Людмила Очеретная, оның күйеуі Артур, президенттің бірнеше туысы және кәсіпкерлер Наталья Касперская, Виктор Хмарин, Руслан Алисултанов көрсетілген.
Жаңа санкциялардың бір бөлігі бұрын Канада енгізген шектеулермен синхрондау мақсатында қабылданған.
Владимир Зеленский Telegram-арнасында Ресеймен бизнес жүргізіп отырған кейбір елдердің 167 компаниясы мен жеке тұлғаларына қарсы санкция енгізілгенін де хабарлады.
Оның айтуынша, 139 жеке және заңды тұлға Канада енгізген санкциялармен үйлестіру аясында тізімге қосылған. Ал тағы 28 азаматқа Украина өз бетінше санкция салған.