Бразилияда туристер толы кеме суға кетті: із-түзсіз жоғалғандар мен қаза тапқандар бар

Бразилияда туристер толы кеме суға кетті: із-түзсіз жоғалғандар мен қаза тапқандар бар , сурет - Zakon.kz жаңалық 16.02.2026 11:08 Сурет: Instagram/limadeabreunavegacoes
Бразилияның Амазония өңірінде туристер мінген кеме суға батып, адам шығыны тіркелді. Қайғылы оқиға 13 ақпан, жұма күні болған. Сапар кезінде шамадан тыс жүк артылған кеме суға кеткен. Соңғы мәлімет бойынша, жеті адам із-түзсіз жоғалып, екі адам қаза тапқан, деп хабарлайды Zakon.kz.

Daily Mail басылымының жазуынша, суға түскен әйелдер, ерлер мен балалардың бәрі құтқару кеудешелерін киген. Жақын маңдағы қайықтар дереу көмекке келіп, суға кеткендерді құтқаруға кіріскен. Кейін оқиға орнына құтқарушылар жетіп, судан 71 адамды алып шыққан.

Амазонас штатының денсаулық сақтау департаменті үш жастағы қаз баланың қаза болғанын растады. Бала жақын маңдағы балалар ауруханасына жеткізілгенімен, дәрігерлер оны құтқара алмаған. Екінші құрбан – 22 жастағы Лара Бьянка. Оның денесі шамамен сағат 18:00-де Манаус портындағы өрт сөндіру қызметінің өзен патрулі бөлімшесіне жеткізілген.

Құтқарылғандардың басым бөлігі алғашқы көмек көрсеткен адамдардың жедел әрекетінің арқасында ауыр жарақат алмаған.

Оқиға орнында 25 өрт сөндіруші, үш қайық, сегіз өрт сөндіру көлігі, полиция катері және жедел жәрдем көлігі жұмыс істеді. Сондай-ақ Бразилияның Әскери-теңіз күштері өзендік құтқару тобын және іздеу жұмыстарына тікұшақ жіберді. Сүңгуірлер су астында іздеу жүргізсе, өзге топтар өзен жағалауын шолып шыққан.

"Қазір біз бортта болған барлық адамдармен, жолаушылар мен экипаж мүшелерімен байланысқа шығып, ақпаратты толық әрі ашық түрде нақтылап жатырмыз. Сонымен қатар құзырлы органдармен бірлесіп, оқиғаға не себеп болғанын анықтаудамыз", – деп мәлімдеді суға батқан кеме тиесілі Lima de Abreu Navegações компаниясының өкілі.

Басылым мәліметінше, кеме капитаны абайсызда адам өліміне әкелді деген күдікпен ұсталған, алайда кейін кепілмен босатылған.

Қазіргі уақытта арнайы тергеушілер оқиғаның барлық мән-жайын анықтауды жалғастыруда. Іс-қимылды үйлестіру үшін ведомствоаралық жұмыс тобы құрылған.

Зардап шеккендердің отбасыларына психологтар мен әлеуметтік қызметкерлерден құралған қолдау топтары жіберілген. Олар жақындары туралы хабар күтіп отырған туыстарға көмек көрсетуде.

Әлеуметтік желілерде туристік басқа кеменің зардап шеккендерді құтқарып жатқан сәті түсірілген бейнекадрлар да тарады.

Мақаламен бөлісу
Мақаламен бөлісу:
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: