Түркия үкіметі халықтан алтындарын банкке өткізулерін сұрады

Қазіргі таңда халықтың қолында 2 мың тоннадан аса алтын бар екен.

Фото: 17 Қараша 2017, , 17:37
Түркия үкіметі экономикалық өсімді ынталандыру үшін ел тұрғындарына тосын ұсыныс жасады, - деп хабарлайды Хабар 24. Билік өкілдері халықтан сандықта сақтаулы тұрған алтындарын шығарып, Орталық банкке өткізуге шақырып отыр. Олардың айтуынша, бұл қадам мемлекетке де, қарапайым азаматтарға да тиімді болмақ. Сарапшылардың пікірінше, қазіргі таңда халықтың қолында 2 мың тоннадан аса алтын бар. Егер бұл қазына айналымға шықса, түрік экономикасы жанданып, екінші тынысы ашылғалы тұр. Түрік қоғамында алтын тағу дәстүрі ежелден бар. Бұл елде сыйлықты ақшалай емес, алтынмен апталған, күміспен қапталған бағалы әшекеймен беру жөн саналады. Өйткені қағаз ақша құнсызданса да, сары алтын құнын еш уақытта түсірмейді. Сондықтан сәби дүние есігін ашқанда, туған-туыстары көрімдікке қазір нарықтағы құны 18 мың теңге болатын 1 грамдық алтынды төсқалтасына салады. Яғни адамның әр қуанышы осылай сүйіншіленеді. Бұл – жергілікті халықтың қанына сіңген дәстүрі. Соның есебінен бүгінде әлеуметтің қолында кемінде 2200 тонна алтын жинақталып қалған. Ал оның нарықтағы құны 100 млрд АҚШ долларына тең. Қазан айының басында Түркия президенті сандықта сақтаулы осы алтындарды айналымға шығаруға шақырды. Ол үшін үкімет арнайы бағдарлама да әзірлепті. Оның аясында кез келген азамат банкте депозит ашып, жиған-тергенін сақтауына болады. Есесіне салымшыға жылына 2,5% мөлшерде үстеме төленеді. Сарапшылар бұл қадам Орталық банктың алтын қорын ұлғайтып, елдегі инвестициялық ахуалды жақсартатынын айтады. Мұрат Туфан, экономист:
– Үкімет ұсынған жаңа жүйе көңілге қонымды. Себебі ол құнды қағаз және жалға беру сертификаты түрінде салымшыға кепілдік береді. Ал келісім аяқталған соң есепшотты қаржылай немесе алтын күйінде қайтып алуына мүмкіндік бар. Әлбетте мұндай қолайлы жағдай азаматтарды ынталандырады. Десек те, ел-жұрт жаппай жиған-тергенін банкке тасиды дегенге сену қиын. Өйткені осыған дейін де халықтың сары майдай сақтап отырған алтындарын ішкі нарыққа шығару бойынша бірнеше шара қолға алынғанымен, нәтижесіз аяқталғанын білеміз.
Алайда билік өкілдері жаңа бағдарлама қараша халықтан қолдау табатынына сенімді. Деректерге көз жүгіртсек, 1 айдың ішінде банкке мөлшері 2,5 тонна болатын алтын бұйымдарын өткізуге 13 мыңға жуық азамат өтініш білдірген. Оның ішінде Түркияның ірі қалалары Ыстамбұл, Анкара, Измир мен Анталия тұрғындары көш бастап тұр. Қаған Гөзюм, зергерлік дүкеннің менеджері:
– Алтын бағасының құбылмалылығы саудамызға әсер етіп жатыр. Соңғы уақытта тек әшекей бұйымдарға сұраныс жоғары. Өйткені жыл басында алтынның килограмы 140 мың лира болса, ал қазір 160 мыңға көтерілді. Әлемдік нарықта да алтын бағасы өсті. Сондықтан ақшасы барлар мүмкіндігінше алтын алып қоюға тырысуда. Алайда көпшілік ескі әдетіне салып, бұл «байлықтарын» үйінде сақтауды жөн санайды. Енді арезиденттің халыққа үндеуі мен үкіметтің ынталандыру бағдарламасынан соң жағдай өзгеріп те қалар.
«Алтынды сандықта емес, банкте ұстаудың ұтымды тұстарын қарапайым халық егжей-тегжейлі біле бермейді. Сондықтан жаңа бағдарламаның игіліктерін көпшілікке кеңінен түсіндіру қажет», – дейді экономистер. Бұл ретте сарапшылар ауылдық жерлерге қарағанда, ірі қалаларда белсенділік жоғары болады деп болжайды. Фото: Хабар 24

Больше важных новостей в Telegram-канале «zakon.kz». Подписывайся!

СЕЙЧАС ЧИТАЮТ
ПОПУЛЯРНОЕ В СЕТИ