Ақтөбеде мектеп дәлізінде сабақ оқыған оқушылар жаңа білім ордасына көшті

Жаңа мектепті салуға 700 миллион теңгеге жуық қаржы жұмсалды.

Фото: Фото: Аktobenews.kz13 Желтоқсан 2017, , 16:37

Ақтөбе облысы Мәртөк ауданы Сарыжар ауылының оқушылары екі жыл бойы үш ауысымда, дәлізде сабақ оқып келді. Ескі мектепте мұғалімдер отыратын кабинет мүлде болған жоқ. Бүгін ауылданда 320 орынды жаңа мектеп пайдалануға берілді, - деп хабарлайды Aktobenews.kz тілшісі.

Ақтөбенің Сарыжар ауылына оралмандар көп қоныстанды. Қазір ескі мектепте 1 мыңға жуық оқушы бар әрі мектеп жанында шағын орталық жұмыс істеп тұр. Соңғы екі жылда оқушылар үш ауысымда білім алып, мектеп ішіндегі дәліздің бәрі арнайы класс етіп жабдықталды. Мұғалімдердің арнайы бөлмесі мүлдем қарастырылған жоқ. Бәрін балаларға бөліп берген мектеп ұжымының бүгін жүгі жеңілдеді.

Енді мұнда оқыған 350 оқушы жаңа білім ордасына ауыстырылады. Сарыжар орта мектебінің ашылуына Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев қатысып, балаларды білім алуға шақырды. Тіпті министр, әкім, ғалым болу үшін ең қажеті білім екенін баса айтты.

«Балалар достарынан, құрбы-құрдастарынан қалып қоймай, заман талабына сай білім алуы керек. Ата-ана «мектепте мұғалім бар, оқытады» деп баласына немқұрайлы қарамауы тиіс. Қазіргі заманда білімің болмаса, жан-жақты дамымасаң өмің сүруің қиын болады. Балалар, шаршамай көп оқу қажет! Телефонға көп қарамай, газет, кітап оқыған дұрыс. Кейінгі жылдары балалар шығарма, мазмұндаманы ғаламтордан көшіруге әуес. Ол кезде адам ойланбайды, бәрін дайын күйінде пайдаланады. Балалар жақсы білім алсын деген тілекпен мектептер салынып жатыр. Уақыт тез өтеді. Егер жоғары оқу орнына түсе алмаса, біреудің үйін тазалап, малын бағып, көлігін айтып жүресіңдер. Ал жақсы оқыған бала әкім, министр, ғалым бола алады. Сондықтан оқыңдар, оқысаңдар бәрі болады», — деді Бердібек Сапарбаев.

Айта кетейік, жаңа мектепті салуға 700 миллион теңгеге жуық қаржы жұмсалды. Алғашқы жылдары мектеп бір ауысымда болады.

«Ескі мектепте жүргенде кешкі сағат 7:20-да сабақтан шығатын едік. Мектебіміз алыс болды. Ал жаңа мектепте мәжіліс залы ерекше, әр пәннің өз кабинеті бар. Біз мұндай жағдайды бұрын көрмедік», — деді 8 сынып оқушысы Нұржау Балтабаев.

Больше важных новостей в Telegram-канале «zakon.kz». Подписывайся!

СЕЙЧАС ЧИТАЮТ
ПОПУЛЯРНОЕ В СЕТИ