Көпбалалы ана қорада тұрады

Он күннен бері қорада тұрып келеміз.

Айдың-күннің аманында далада қалған семейлік көпбалалы отбасы халықтан көмек сұрайды. Кенет өртке оранып, әп-сәтте күлге айналған үйлері тұруға жарамсыз деп танылып отыр. Жығылғанға жұдырық боп, жаз да бітуге жақын қалды, деп хабарлайды zakon.kz "Еуразия" бірінші арнасына сілтеме жасап.

Апат айтып келмейді. 3 тамыз, түскі астың уақыты еді. Үйдегілер дастарханға жайғасып жатқандары сол, мұрынға ыстың иісі сезілді.

Құдай қолдап, бала-шағаның бірі де жапа шекпеді. Бірақ баспананы қалпына келтіру енді оңай шаруа болмасы анық. Балғындардың тәтті күлкісі кернеген үй әп-сәтте күлге айналған.

Толғанай Рахимжанова, көпбалалы ана:

Қиын жағдайдамыз енді. Жолдасым жалғыз жұмыс істейді.өзімде сахарный диабет. Гипертония, учетта тұрған адаммын. Ауыр жұмыс келмейді. Сондықтан екі кішкентаймен үйде отырам. Жолдасымның тапқаны жетпейді.

Ал үйі жоқтың күйі қандай болсын? Қазір көпбалалы отбасы аулада тұрған ескі ағаш қораны пана етуге мәжбүр.

Төбеден түнімен жаңбыр жауып, су ағып, балаларымызбен осы жерде жатамыз.

Енді айдың-күннің аманында баспанасыз қалған отбасы барша қазақ жұртынан көмек сұрайды. Амалсыз.

Толғанай Рахимжанова, көпбалалы ана:

Халқымнан сұраймын. Көмек қолын созсаңыздар. Облыс әкімі Ахметов Даниал Кенжетайұлынан сұраймын көмек.

Қазірде Рахимжановтар әулетінің жайынан еріктілер де, жергілікті кәсіпкерлер де хабардар. Әрқайсы қолдан келгенше қол ұшын созуға дайын. Тек...

Анар Сүлейменова, ШҚО бойынша "Ақ ұлпа аналары" қоғамдық бірлестігінің төрайымы:

Әр күн сайын жас отбасылар бізге күнде жүгінеді. Төбесі құлады, біреуде тағы бірдеңе сынып қалған. Тура осындай жағдаймен бір ай бұрын тағы бір Бекназаровтар отбасы жүгінген. Қазір біз осы жағдай бойынша біз осы екі отбасыға құрылыспен көмектесе аламыз.

Алайда бұл көмектің нақты қашан келетіні әзірге басы ашық сұрақ. Ал төрт баласымен далада қалған ана енді көп ұзамай күн райы да бұзыла ма деп қорқады. Алда күз келе жатыр.

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: