Жамбыл облысындағы Ақкөл ауылына биыл газ беріледі

Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев  Талас ауданына жұмыс сапары кезінде Ақкөл ауылдық округінің әкімі Жандос Ратовтың есеп беру жиынына қатысып, ауылдықтармен кездесті, деп хабарлайды Zakon.kz.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес қала, аудан, ауыл әкімдері халық алдында есеп беруде. Олардың бірқатарына өзім арнайы қатысып, әкімдердің есебін тыңдап, тұрғындардың мәселесімен танысудамын. Сіздердің ауылдарыңызда өткен жылы аз жұмыс атқарылған жоқ. Бұған дейін кездесулерде өздеріңіз көтерген мәселелер ретімен шешілуде,-  деген аймақ басшысы шешімін тапқан шаруалардың бірқатарына тоқталып өтті.

Ауылдағы  25 көшенің 20-сына асфальт төселген. Бұрынғы колледждің ескі ғимараты күрделі жөндеуден өтіп, 200 орындық №6 Талас аудандық арнаулы әлеуметтік қызметтер ұсыну орталығы болып жаңадан ашылған.  Мұнда 172 адам жұмыспен қамтылған, олардың басым бөлігі жергілікті тұрғындар. Қазіргі таңда ауылда спорт кешені салынуда.

Алдыңғы келген кездесуде сіздер ауылға газ тарту  мәселесін көтеріп едіңіздер. Қазіргі таңда Билікөлден бері  қарай газ құбыры тартылып жатыр. Биыл жыл соңына дейін ауыл тұрғындары көгілдір отынға қосыла бастайды. Бұл құбыр арқылы Ақкөлге жақын бірнеше ауылдарға да газ беріледі. Ауыл мектебін жөндеу, жаңа амбулатория салу мәселелері де шешіледі. Кейінгі жылдары суармалы су мәселесі де өзекті болып отыр. Осы орайда Ақкөл су қоймасы күрделі жөндеуден өтті. Алдағы мамыр айына дейін Ақкөлге кемінде 90 миллион текше метр су жинауымыз керек. Суармалы егістіктің көлемін арттырып, қолда бар суды үнемдеп, тиімді пайдалану қажет. Бердібек Сапарбаев

Сурет: Жамбыл облысы әкімдігінің баспасөз қызметі

Бұдан соң ауылдық округ әкімі Жандос Ратовтың есебі тыңдалды. Жалпы 3463 гектар жері бар ауыл тұрғындарының мал жайылымы 5964 гектарға ұлғайған. 210 гектарға жуық жайылым және егістік жер мемлекет меншігінен қайтарылған. Былтыр ауылдық диқандар 509 гектарға егін ексе, биыл бұл көрсеткіш 610 гектарға жетпек. Жаяу жүргінші жолы салынып, 6 көше түнгі жарықтандырумен қамтылған. Мәдениет үйі де жөндеуден өткен.

«Бастау бизнес» жобасымен 24 адам оқып, соның ішінде 11 ауыл тұрғыны 6,5 миллион теңге қайтарымсыз грантқа ие болды. Оның ішінде 9 азамат мал басын көбейтсе, 1 азамат шаштараз құрал жабдықтарын, 1 тұрғын кондитерлік пеш алып, өз кәсіптерін ашты. 7 ауыл тұрғыны мемлекеттік бағдарламаларға қатысып, жалпы 19,8 миллион теңге жеңілдетілген несиеге қол жеткізді, - деген ауыл әкімі мемлекеттік бағдарламалардан бөлек демеушілер есебінен атқарылып жатқан жұмыстарды да атап өтті.

Облыс әкімінің бастамасымен қолға алынған «Жомарт түлек» жобасы бойынша түлектердің демеушілігімен жалпы көлемі 11,5 млн теңгеге «Тәуелсіздік аллеясы», «Түлектер аллеясы» және стрит воркаут спорттық алаңшасы салынып, Ы.Алтынсарин атындағы орта мектептің ауласы абаттандырылған. «Асарлатып үй салу» жобасы да тиісінше жүзеге асуда. Бұл бағыттағы жұмыстар биыл да жалғаспақ.

Сурет: Жамбыл облысы әкімдігінің баспасөз қызметі

Ауыл әкімінің есебін қанағаттанарлық деп бағалаған ауыл тұрғындары көкейдегі сауалдарын жолдады. Олар Сұлтан каналына су реттегіш қондырғы салу, жаңа жедел жәрдем көлігін алу қажеттілігін жеткізді.

Сондай-ақ, бұған дейін берілген уәделердің орындалғанын айтқан ақкөлдіктер ауылдағы оң өзгерістер үшін Мемлекет және облыс басшылығына ризашылықтарын жеткізді.

Бердібек Сапарбаев кездесуде көтерілген барлық мәселер мен ұсыныстар назарға алынып, оларды шешу бойынша жұмыстар жүргізілетініне сендірді.

Мемлекет тарапынан барлық жағдай жасалуда. Түрлі бағдарламалардың мүмкіндіктерін пайдаланып, ауылда кәсіпкерлікті дамыту қажет. Қайта өңдеу цехтарын ашу керек. Ауылдықтар үй іргесіндегі жерлерді тиімді пайдаланса, өздерін керекті өніммен қамти алады. Біркездері аудан орталығы болған Ақкөлдің бұрынғы қайнаған тіршілігін қалыпқа келтіруге тиіспіз. Табысты түлектер де өз ауылдарын көркейтуге үлес қосу керек, - деген облыс әкімі жастар тәрбиесі, ата-ана жауапкершілігі, қоғамдағы тұрақтылық пен тәртіптің маңыздылығын баса айтты.

Сурет: Жамбыл облысы әкімдігінің баспасөз қызметі

Есептік жиыннан соң Бердібек Сапарбаев ауыл тұрғындарын жеке сұрақтарымен қабылдады. Қабылдауға жазылған ақкөлдіктер бизнес идеясын жүзеге асыруға мемлекеттік грант, ауылдан әлеуметтік дүкен ашу үшін жеңілдетілген несие алғысы келетіндіктерін айтып, жұмыс және әлеуметтік көмекпен қамтылу жайын сұрады. Оларға заң аясында көмектер көрсетілетін болады.

Келесі кезекте аймақ басшысы Ақкөлден салынып жатқан спорт кешенінің құрылысын көрді. Құны 336 миллион теңгені құрайтын жобаның құрылысы биыл маусымда аяқталып, пайдалануға берілмек.

Жұмыс сапарының соңында Ақкөл су қоймасының жай-күйімен танысқан облыс әкімі мамыр айының аяғына дейін қажетті су мөлшерін жинап алу керектігін атап өтті. Каналдарды реттеу жұмыстарын жіті қадағалап, барынша жеделдетуді тапсырып, вегетациялық кезеңде қолда бар ылғалды үнемдеп, тиімді пайдалануға назар аудартты.

Сурет: Жамбыл облысы әкімдігінің баспасөз қызметі

Тараз Сапарбаев Бердібек
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: