Алматы әкімдігі су басып қалу қаупімен қалай күреспек

Алматыда жауын кезінде су басып қалатын орындарды болдырмауға бағытталған арық жүйесі мен су шаруашылығы нысандарын модернизациялау жоспары әзірленді, деп хабарлайды Zakon.kz.

Қаланың біршама бөлігін су басуына себеп болған 11 мамыр күнгі 33,8 мм көлемде жауған жауын-шашын бұл мәселенің өзекті екенін тағы бір рет дәлелдеді.

Алматы әкімдігінің хабарлауынша, қазір арық желілерін Ұлықбек және Саин көшелерінің қиылысында орналасқан коллекторға шұғыл қосылу бойынша жұмыс атқарылып жатыр. Бұл өз кезегінде арық желісінің су өткізуін ұлғайтып, төменгі аумақтарға кететін су ағынын азайтуға мүмкіндік береді. Арық жүйесін жаңғырту үнемі су басатын Төле би, Яссауи, Момышұлы көшелері мен Райымбек батыр даңғылында да жүргізіліп жатыр.

Бұрын Алматы әкімі Ерболат Досаевтың тапсырмасымен су басу мәселесін шешу үшін су шаруашылығы нысандарының техникалық жай-күйіне талдау жүргізілді. Нәтижесінде қала аумағында үнемі су басатын 56 аймақ анықталды. Сонымен қатар проблемалық аумақтардағы су басу мәселесін шешу үшін жұмыс істеп тұрған арық желілері мен коллекторларды өткізу қабілетін ұлғайта отырып қайта жаңарту және бірыңғай желіге қосуды ұйымдастыру қажет екені анықталды.

Қала аумағында жаңбыр және еріген қар суын бұруға арналған 16 коллектор бар. Олар иесіз және қызметке жарамсыз, қоқысталған, бітелген немесе бұзылған. Коллекторлардың 12-сі арық желісіне қосылмаған. Алатау ауданында 2013 жылдан 2018 жылға дейін салынған 4 коллектор ғана арық желісіне қосылған және жұмыс істейді.

Биыл ұзындығы 376 км болатын қаланың арық желісін салу және модернизациялау бойынша жоба әзірленді (батыс бөлігі - Алатау, Наурызбай, Әуезов аудандары, орталық бөлігі - Жетісу, Бостандық, Алмалы аудандары, шығыс бөлігі - Медеу, Түрксіб аудандары).

Жобада қолданыстағы арық желісін реконструкциялау, жаңа арықтардың нүктелі құрылысын жүргізу қарастырылған. Алайда осы желілерді жасыл желектерді суаруға пайдалану көзделмеген. Жаңбыр және еріген суды қолданыстағы коллекторларға бұру ескерілмеген. Бұл жекелеген аумақтар су астына қалуына әкеп соғады.

Сондықтан қолданыстағы арық желісі мен коллекторлардың өткізу қабілетін ұлғайта отырып, оларды реконструкциялау және құрылысты тоқтатпай бірыңғай желіге қосуды ұйымдастыруды ескере отырып, жобаға түзету енгізіледі. Бұл жасыл желектерді суаруға және су басу қаупінің алдын алуға мүмкіндік береді. Бүгінде қаланың батыс бөлігінде ұзындығы 119 км арық желісін салу және реконструкциялау бойынша құрылыс-монтаж жүргізіліп жатыр. Оның орындалу мерзімі – 2021-2023 жылдар, – делінген Алматы әкімдігінің хабарламасында.
Алматы
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: