Бұл туралы Ержан Жылқыбаев Instagram-дағы парақшасында хабарлады.
1,5 жылға жуық уақыт аралығында атқарған жұмыстарымыз тараздықтардың көз алдында болды. Оның бағасын халықтың өзі бере жатар. Ең бастысы – әрбір жоспарымызда, басымдық берген бағыттарымызда тұрғындардың сұранысы мен қоғамның пікірі ескеріліп отырды. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Халық үніне құлақ асатын мемлекет тұжырымдамасын барынша іске асыруға тырыстық. Халық санағы, жалпыхалықтық Референдум сияқты республикалық науқандарды абыроймен атқардық. Игі істер мен әрбір жобаның сәтті іске асуында – жамбылдықтардың қолдауы мен әріптестерімнің еңбегі зор, – деп жазды Ержан Жылқыбаев.
Ержан Жылқыбаев 1982 жылы туған, білімі жоғары.
М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетін «экономист-менеджер» мамандығы бойынша, Президент жанындағы мемлекеттік басқару академиясын «Мемлекеттік және жергілікті басқару магистрі» мамандығы бойынша және С.Аманжолов атындағы ШҚО мемлекеттік университетін заңгер мамандығы бойынша бітірген.
Еңбек жолын 2003 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы (қазіргі Түркістан облысы) Экономика басқармасының бас маманы болып бастаған.
2006-2009 жылдары ҚР парламентіндегі үкімет өкілдігінің бас сарапшысы, ҚР ЭБЖМ бөлім меңгерушісі, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің көмекшісі қызметтерін атқарған.
2009-2014 жылдары Шығыс Қазақстан облысы әкімі аппараты басшысының орынбасары, Семей қаласы әкімінің орынбасары, Шығыс Қазақстан облысы әкімі аппаратының басшысы болды.
Осы жылдары ҚР президенті әкімшілігінің мемлекеттік бақылау және ұйымдастыру-аумақтық жұмыс бөлімінің мемлекеттік инспекторы, Алматы қаласы Медеу ауданының әкімі, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі қызметтерін атқарған.
2020 жылдың ақпан айынан бастап Жамбыл облысы әкімінің орынбасары.
Ержан Жылқыбаев Тараз қаласының әкімі болып 2021 жылдың наурыз айында тағайындалған.