Жастар бастамасын дамыту орталығы оқу ордасының қосалқы ғимаратында орналасқан. Бұл жерде студенттердің шығармашылықпен, спортпен айналысуына барлық жағдай жасалған. Орталықта шығармашылық ізденіс залы, желілік ақпараттық жұмыс аймағы, "Дыбыс режиссері", "Free Zone" (еркін аймақ) және гримдеу бөлмелері бар. Ал "Мәдениет және өнер" студиясында ұлттық, заманауи би және "Ұлттық музыкалық аспаптар" залы орналасқан. Сондай-ақ спортпен шұғылданамын деушілер фитнес, атлетикалық және қол күресі залдарына барып, жаттыға алады.
Сурет: БҚО әкімдігінің баспасөз қызметі
Өңір басшысы Ғали Есқалиев пен аталмыш университеттің басқарма төраға-ректоры Асқар Наметов Жастар бастамасын дамыту орталығының лентасын қиып, кешенді аралады. Жоғары кәсіби білім ала жүріп, өнер мен спортты жандарына серік еткен студенттермен аз-кем тілдесіп, қабілеттерін байқады.
Сурет: БҚО әкімдігінің баспасөз қызметі
Содан соң университеттің білім алушылары арасында ұйымдастырылған "Күй – тектілік тереңі" атты күй байқауын тамашалады. Өнер додасы "Жеті қазына" жобасының "Ұлы дала ғажайыптары" бағытын қамтыған.
Сурет: БҚО әкімдігінің баспасөз қызметі
Еліміздің әр облысында "Жеті қазына" жобасы аясында түрлі іс-шара ұйымдастырылуда. Бұл университет қабырғасында да ұлттық құндылықтарды насихаттау бағытында тың бастамалар жүзеге асуда. Әр ата-ана баласының амандығы мен денінің саулығын тілейді. Әсіресе білім аламын деп үйден жыраққа кеткен перзентінің болашағы қалай болады, теріс жолға түсіп кетпесе екен деп алаңдайтыны рас. Олардың бұлай алаңдауларына да негіз бар. Өйткені ауылдан қалаға келіп, "Ата-анамның қамқорлығынан еркіндікке қол жеткіздім" деп жат ағымға арбалып кететін немесе ішімдік ішіп, шылымға әуестенетін жастарәлі де ұшырасады. Мұндай теріс бағытқа түсуіне бозбалалардың бос уақытының көптігі әсер ететіні анық. Адам – өз тағдырының қожайыны. Сол себепті мемлекеттің, университеттің сіздерге, яғни студенттерге жасаған осындай керемет мүмкіндігін пайдаланып, дені сау, рухани бай, еңбекке, білімге құштар, өнерлі жас болып қалыптасыңыздар. Республика күні құтты болсын! Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиев
Сурет: БҚО әкімдігінің баспасөз қызметі