Алматыда жауын суын ағызып әкететін каналдар салынып жатыр

Қала әкімдігі жаңбыр мен қар жауса көлге айналып, тұрғындардың жүруіне кедергі болатын жолдардың проблемасын биыл шешпек. Соған орай қалада бірнеше арық салынып, кейбірі жөнделіп жатыр. Zakon.kz тілшісі әкімдіктің су басу орындарын жою мақсатында жүргізіп жатқан жұмысын көріп қайтты.

Жауын жауған күндері Алматы тұрғындары көл болған судан өте алмай, әбігерге түсетін еді. Сондай тұрғынның бірі Жандос Жұмаділов күн бұлттанған күні-ақ аяғына арнайы аяқкиімін киіп шығады. Енді ол арықтар жөнделіп, жаңа су каналдары салынса, халық үшін жақсы болар еді деп отыр. Себебі Жандос Жұмаділов тұратын Алатау ауданында су өткізетін жаңа канал салынып жатыр.

Жаңбыр жауса болды жолдан арнайы аяқкиім киіп, балақты түріп өтеміз. Бірақ біз кейінгі жауында өзгерісті байқадық. Қазір мына жерді қазып, арық жасап жатқанның өзінде кейінгі жауынның суы осында ағып келіп, жол бұрынғыдай көл болмады. Жолдан өту ыңғайлы болды. Көлікпен кетіп бара жатып жауын суы мына қазылған арыққа құйылғанын көрдім. Бұйырса, құрылыс салынып бітсе, халық үшін үлкен жаңалық болар еді, - дейді Алатау ауданының тұрғыны Жандос Жұмаділов.

Сурет: Алматы әкімдігі

Бұған дейін Алматы Экология және қоршаған орта басқармасы жауын кезінде су басатын барлығы 102  орынды анықтап, оның 56-сын шұғыл түрде қалпына келтіру қажет деген еді. Негізгі мәселе – жауын-шашын желісінің жоқтығы және кәріз желісіне қосылмағаны. Оған қоса арық пен коллекторлар қоқысқа толып, бітеліп қалатыны бар.

Қазір үнемі су басатын 25 аумақта жөндеу аяқталды. "Таусамалы" шағынауданындағы ұзындығы 980 метр Ойжайлау өзенінің арнасы бекітілді. Төле би мен Яссауи көшелерінің қиылысындағы арық желісі жөнделді. Райымбек даңғылында 1400 метрлік суы ағызу желісі салынып жатыр. Сонымен қатар Райымбек батыр даңғылынан Қарасу көшесіне дейінгі ұзындығы 2200 метр коллектор жөндеуден өтті. Оған қоса Момышұлы көшесінен Чуланов, Жұбанов көшелерімен өтіп, Рысқұлов даңғылына дейінгі аралықта ұзындығы 3360 метр су өткізу каналы салынып жатыр.

Сурет: Алматы әкімдігі

Мына жерде "Нұрлы дала" тұрғын үйі болмаған кезде су басу проблемасы да жоқ еді. Кейін үй салып, адамдар қоныстанған соң жауын суы жиналып, тұрғындардың жүріп-тұруына кедергі бола бастады. Енді Алтын орда маңында коллектор салынып жатыр. Ол жаңбыр мен қар суын ағызып әкетіп, Ақсай өзеніне апарып құяды.Алматы әкімдігі, Экология және қоршаған орта басқармасы, Стратегиялық даму және су қорын басқару бөлімінің басшысы Мұрат Жексенбаев

Алматы Экология және қоршаған орта басқармасы басшысының міндетін атқарушы Серік Әділбаевтың айтуынша, құрылыс желтоқсан айының ортасына дейін бітеді. Әкімдік 2023 жылы тағы 44 аймақ бойынша су басу қаупінің алдын алу жұмыстарын бастайды.

Барлық 56 аумақ бойынша құрылыс биыл тамыз айында басталған. Құрылыс пен жөндеу жұмысын желтоқсан айының 15-іне дейін аяқтау жоспарланған. Жауын суы үйіліп қалмауы үшін суды ағызып шығаратын канал салып жатырмыз. Каналдың бас жағында арнайы тазалайтын құрылғысы болады. Бүкіл су Ақсай өзеніне барып құяды, - деді Серік Әділбаев.

Экология және қоршаған орта басқармасы мамандарының айтуынша, су басудың тағы бір себебі – ағызу құбырлары диаметрінің су ағынының күшіне сай келмеуі.

Қазір қалада диаметрі 500мм су ағызу құбырлары пайдаланылады. Олар ағатын су көлемін игере алмайды. Осы мәселені шешу мақсатында диаметрі 1 мм болатын құбырлар орнатылып жатыр. Осылайша құбырлардың өткізу қабілеті екі есеге артып отыр, - деді Серік Әділбаев.
Алматы Алматы қаласының әкімдігі
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: