Ақтөбеде батыс өңіріндегі тұңғыш мамандандырылған үстел теннисі орталығы ашылды

Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов және қала әкімі Асхат Шахаров Батыс өңіріндегі тұңғыш мамандандырылған үстел теннисі орталығының ашылуына қатысты, деп хабарлайды Zakon.kz.

Шараға Қазақстан Республикасы Үстел теннисі федерациясының өкілдері, үстел теннисінен "AQTOBE CUP" турниріне келген спортшылар қатысты.

Азаматтардың салауатты өмір салты – салауатты ұлтты қалыптастырудың негізгі шарты. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев спортты дамытуға ерекше көңіл бөлуді, спорт инфрақұрылымын кезең-кезеңімен салуды қамтамасыз етуді тапсырды. Бұл – стратегиялық маңызы бар бірінші кезектегі міндет. Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында биыл облыста 10 спорт нысанының құрылысын аяқтау жоспарлануда. Өңірде спорттың 70-тен астам түрі бойынша спортшыларды дайындау жұмыстары жолға қойылған. Үстел теннисімен 23 мыңға жуық ақтөбелік айналысады, 1525 секция жұмыс істейді, оның 709-ы – ауылдық жерлерде. Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов

Сурет: Ақтөбе қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі

Облыс әкімі теннис орталығын салып берген "СНПС Ақтөбемұнайгаз" компаниясының басшылығына алғыс айтты. Орталықтың жалпы ауданы 3,8 мың шаршы метрді құрайды.

Мұнда 16 теннис үстелі бар. Көрермен залы 450 адамға шақталған. Әртүрлі жас санатындағы кәсіби спортшыларды дайындауға және халықаралық, әлемдік деңгейдегі жарыстарды өткізуге мүмкіндік беретін орталықтың барлық корттары сертификатталып, құрал-жабдықтары Еуропадан әкелінген. Осылайша, Ақтөбе – заманауи үстел теннисі орталығы жұмыс істейтін республикадағы жетінші қала.

Сурет: Ақтөбе қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі

Бұқаралық спортты дамыту мақсатында облыс әкімдігі биыл 100 жаңа теннис үстелі, 1000 ракетка және 10 мың доп сатып алды.

Спорттық құрал-жабдықтар облыс аудандары мен қаладағы спорт орталықтары арасында бөлініп берілді.

Бүгін орталықта үстел теннисінен "AQTOBE CUP" халықаралық турнирі басталды. Оған Беларусь, Ресей, Өзбекстан және Қазақстаннан 250-ден астам спортшы қатысуда.

Сурет: Ақтөбе қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі

Үш күн бойы ерлер мен әйелдер арасында жекелей және жұптық, сондай-ақ 2010 жылы туған және одан кіші спортшылар арасындағы жекелей жарыста медальдар сарапқа салынады.

Сурет: Ақтөбе қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі

Ақтөбе
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: