Батыс Қазақстанда ауыл шаруашылығы қызметкерлері марапатталды

Сәрсені күні Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-да Ауыл шаруашылығы, тамақ және қайта өңдеу өнеркәсібі қызметкерлері күніне орай салтанатты шара өтті.

Мерекелік жиынға арнайы келген облыс әкімі Ғали Есқалиев ауыл шаруашылығы саласында еңбек етіп жүрген еңбеккерлер мен сала ардагерлерін кәсіби мерекемен құттықтады.

Мемлекет басшысы өз Жолдауларында Үкімет пен жергілікті атқарушы құрылымдардың алдына ауыл шаруашылығы саласына қатысты көптеген міндеттер қойды. Сонымен қатар, агроөнеркәсіп кешенін субсидиялаудың жаңа перспективалық жолдарын әзірлеуді және олардың қолжетімділігін қамтамасыз етуді тапсырды. Тиімді еңбектің арқасында диқандарымыз рекордтық өнім жинап, халықты қуантуда. Биыл 319 мың тонна дәнді дақыл жиналды, бұл өткен жылмен салыстырғанда 81 пайызға артық.

Сурет: БҚО әкімдігі

Биыл дәнді дақылдардың орташа өнімділігі гектарына 16 центнерді құрады. Бұл облысымыздағы соңғы он жылдағы ең жоғары өнімділік. Күздік бидайдың әр гектарынан 45-50 центнерден өнім алған диқандарымыз бар. Бұл біздің облыс үшін жақсы көрсеткіш деп ойлаймын. Ірі қараның жалпы саны 808,3 мың бас, оның ішінде етті-сүтті бағыттағы мал саны 790 мыңға жетті. Бұл көрсеткіш бойынша республикада бірінші орында тұрмыз. Айта кетерлігі, біз бұл көрсеткішке мемлекеттің қолдауы аясында жетіп отырмыз. Жылдан жылға мал шаруашылығын қолдауға бөлінген қаржының 75 пайызы етті мал шаруашылығын қолдауға бағытталуда, - деп атап өтті Ғали Есқалиев.

Сурет: БҚО әкімдігі

Бұл күні ауылшаруашылығының өркендеуіне үлес қосып жүрген дихандар мен өндіріс қызметкерлері, сала ардагерлері ҚР ауылшаруашылығы министрлігінің және облыс әкімінің алғыс хаттарымен марапатталды. Бөкейордасы ауданының тұрғыны, зейнеткер Ахметкерей Салауатов, Орал қаласының тұрғыны Қазболат Сабырғалиев ҚР ауылшаруашылығы министрлігінің «Еңбек ардагері» меделінің иегері атанды.

Сурет: БҚО әкімдігі

Салтанатты шара барысында өңір басшысы Ғали Есқалиев көрме жұмысымен танысты. Көрмеге ауыл шаруашылығы өнеркәсібімен айналысатын 18 кәсіпкер өз өнімдерін қойған.

Бүгінде облыстың ауыл шаруашылығы саласында 50 мыңға жуық адам еңбек етеді. Биыл ауыл шаруашылығы саласын қолдауға 22,1 млрд теңге бөлінген.

Қазақстан
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: