Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Нью-Йоркке сапарында БҰҰ Бас Ассамблеясы 78-сессиясының жалпы дебатында сөз сөйледі. Президент бүгінде адамзат баласы бұрын-соңды басынан өткермеген аса үлкен сын-қатерлермен бетпе-бет келіп, геосаяси қақтығыстардың жаңа кезеңіне өткенін айтты.
"Бұған БҰҰ Жарғысындағы халықаралық құқықтың негізгі принциптерінің бір мезетте бұзылуы себеп болып отыр. Құқықтық темірқазықтың жойылуы қазіргі халықаралық қатынастар жүйесіне уақыт өткен сайын ауыртпалық түсіріп, түрлі қарама-қайшылық тудырады. Басты халықаралық құқықтық құжаттардың тәртібін сақтамау, тоқтатып қою және оны тәрк ету тәжірибесі – өте алаңдатарлық жағдай. Өйткені мұның соңы адамзаттың араздығына әкелуі мүмкін. Бұл жағдай сауда жүйесін бұзады, экономиканың өзегі саналатын тасымал тізбегін әлсіретеді, сондай-ақ азық-түлік қауіпсіздігіне зардабын тигізіп, инфляцияның қарқынын күшейтеді", - деді Қазақстан президенті.
Қазіргі қалыптасқан кері үдеріс адамдардың қайғысын қалыңдата түседі. Әлемде 108 миллион адам мәжбүрлі түрде босқынға айналды, 1 миллиардтан астам адам кедейлікте өмір сүріп жатыр, 2 миллиард адам негізгі дәрі-дәрмектерге қол жеткізе алмай отыр. Ақыр соңында адамзат болашақта әлемнің тұрақты дамуына сенімін жоғалтуы ықтимал.
"Өскелең ұрпақ өздеріне мұра болып қалатын әлемнің енді жақсаратынына сенбейді. Сондықтан Қазақстан БҰҰ Жарғысының қағидаттарына өзінің мызғымас адал екенін тағы бір рет мәлімдейді. Осында жиналған көшбасшылар адамзаттың тағдыры мен болашағына жауапты. Дегенмен біз БҰҰ-ның 80 жылдығына таясақ та, Ұйымның алғаш құрылған кезіндегі жағдайға қайта оралуға сәл қалдық. Шын мәнінде, саяси мәселелерді күшпен шешу тұйыққа тірейді. Диалог – жаңа принциптер мен нормалар бойынша келісімге қол жеткізуге мүмкіндік беріп, қолайлы орта қалыптастырудың жалғыз жолы", - деп қосты Қасым-Жомарт Тоқаев.