"Один дома" фильмі түсірілген үй сатылымға шығарылды

"Один дома" фильміндегі көпбалалы Маккаллистер отбасының зәулім сарайы сатылымға шығарылды, деп хабарлайды Zakon.kz.

Чикаго маңындағы ауылда орналасқан екі қабатты және шатырлы үй 5,25 миллион долларға бағаланды. Хабарландыру Zillow веб-сайтында орналастырылған.

Сурет: zillow

Сонымен, ауданы 848 шаршы метр болатын зәулім үй 2018 жылы заманауи стильді ескере отырып жөнделген болатын. Айта кетерлігі, үй иелері әйгілі фильмдегі үйдің ерекшеліктерін сақтауға тырысты.

"Көз тартар фойе мен кіреберістегі ұзын баспалдақ, сондай – ақ, қонақ бөлмесі мен асхана – пішіні мен құрылымы бойынша өзгерген жоқ", - делінген лоттың сипаттамасында.

Үйде үлкен ас бөлмесі, қойма, күн шуағы түсетін жағында отбасылық бөлме, камині бар әйнектелген кіреберіс, спорт залы, кинотеатр және заманауи құрылғылармен жабдықталған көптеген бөлмелер бар. Төбелердің биіктігі шамамен 3,2 метрге жетеді. Резиденция темір қақпамен қоршалған, және айналасы жақсы бапталған бақшамен сәнделген. Үй маңында үлкен спорт алаңы, үш гараж, СПА аймағы бар.

Сурет: zillow

Аталмыш үй 1921 жылы салынған. Осы уақыт ішінде оның төрт иесі болды. Ол соңғы рет 2012 жылы 1,58 миллион долларға сатылды. Үй сатылымда бір жылдан астам уақыт тұрды, ал иелері бастапқыда үйді 2,4 миллион долларға сатқысы келген. Алайда, олар бағадан айтарлықтай төмен түсуге мәжбүр болды.

Сурет: zillow

АҚШ
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: