NY Post басылымының мәліметінше, Tron компаниясының 36 жастағы негізін қалаушы актрисаның ата-анасына үйлену тойына берілетін сый ретінде 30 млн юань (шамамен 2,4 млрд теңге) аударған.
Жұптың қарым-қатынасы АҚШ-та суррогат ана көмегімен бала сүюге дайындық кезінде бұзылған. Кәсіпкердің айтуынша, одан бала үшін тағы 50 млн доллар (шамамен 26,7 млрд теңге) талап етілген. Ол бұл соманы төлеуден бас тартқаннан кейін тараптар байланысын үзген. Сот оның қаражатты қайтару туралы талап-арызын қабылдаған.
Ал 38 жастағы "Ұлы қорған" және "Конг: Бас сүйек аралы" фильмдерінің жұлдызы Цзин Тянь махаббатын ешқашан ақшаға сатпағанын мәлімдеді.
"Мен заңға сенемін", – деді Цзин Тянь. Ол түптің түбінде әділдік орнайтынын айтты.
Жағдайды Санның өзі де ушықтыра түскен. Ол әлеуметтік желіде өзінің махаббат хикасын жариялап, жасанды интеллектпен кеңескеннен кейін 50 млн доллар төлеуден бас тартқанын жазған. Кейін бұл жазбасын өзі көркем шығарма деп атады.
Байлығы 8,5 млрд долларға (шамамен 4,5 трлн теңге) бағаланатын Джастин Сан көпшіліктің назарын бұратын ерекше әрекеттерімен танымал. Мәселен ол бұған дейін өнер нысаны ретінде ұсынылған бананды 6,2 млн долларға (3,3 млрд теңге) сатып алып, кейін жеп қойған. Сондай-ақ Уоррен Баффетпен түскі асқа 4,57 млн доллар (2,4 млрд теңге) төлеп, ғарышқа ұшу үшін 28 млн доллар (15 млрд теңге) жұмсаған.
Бұған дейін АҚШ-та танымал миллионер көлік жүргізіп келе жатып, мас күйінде ұсталып, қамауға алынған еді.