Fox News басылымының АҚШ-тың Ауруларды бақылау және алдын алу орталықтарына (CDC) сілтеме жасап жазуынша, кеме 11 қарашада сапарға шығып, 23 қарашада кері оралуы тиіс. Бортта 2 936 жолаушы мен 1 132 экипаж мүшесі бар. Бағыт бойынша кеме Аруба, Колумбия, Панама каналы, Коста-Рика және Үлкен Кайман аралына аялдайды.
CDC мәліметінше, науқастар құсу мен іш өту белгілеріне шағымданған. Инфекцияның таралу себебі әзірге анықталған жоқ. Зертханалық талдау нәтижелері күтіліп жатыр. Круиздік компания санитарлық шараларды күшейтіп, қосымша тазалау және дезинфекция жұмыстарын жүргізіп жатқанын хабарлады. Ауру жұқтырған жолаушылар өзгелерден оқшаулануда.
Жұқпалы аурулар жөніндегі маман Тайлер Эванс круиздік кемелерде мұндай жағдайлардың жиі кездесетінін айтты. Оның пікірінше, инфекцияның таралуына тамақтану жағдайы, соның ішінде швед үстелі де себеп болуы мүмкін.
"Круиздік кемелерді қалқып жүрген Петри табақшалары деуге болады. Бұл – бір мезетте өте көп адам болатын алып мекемелер", – деді дәрігер.
Ол кенеттен пайда болған құсу мен сұйық іш өту белгілеріне назар аударуға кеңес берді. Әсіресе егде жастағы адамдар, жүкті әйелдер, балалар және созылмалы аурулары бар жолаушылар дереу медициналық көмекке жүгінуі керек.
Круиздік кемелерде асқазан-ішек инфекциясының таралуына жиі себеп болатын қоздырғыштардың бірі – норовирус. Алайда CDC тексерудің бастапқы кезеңінде инфекция қоздырғышын анықтау әрдайым мүмкін бола бермейтінін атап өтті. Алдын алу шарасы ретінде мекеме қолды жиі жууды, әсіресе дәретханадан кейін және тамақ ішер алдында қол гигиенасын сақтауды ұсынады.
Бұған дейін АҚШ-та ішек инфекциясы өршіп, 15 мыңнан астам адам ауырғаны хабарланған еді.