The Sun басылымының мәліметінше, оқиға Монтеррей халықаралық әуежайына жақын орналасқан Аподака қаласында болған. Алдын ала мәлімет бойынша, Piper Malibu 46 ұшағы қозғалтқыш қуатын жоғалтып, ұшу-қону жолағынан шығып кеткен. Қоршауға соғылған әуе кемесі Монтеррей – Нуэво-Ларедо тасжолының маңына барып тоқтаған.
Көп ұзамай ұшақ отқа оранып, оқиға орнынан қою қара түтін көтерілген. Апат орнына өрт сөндірушілер мен жедел қызмет мамандары жетті. Оқиға куәгерлері болған жағдайды видеоға түсірген. Кадрлардан жанып жатқан ұшақты және тасжолда қозғалысын жалғастырған көліктерді көруге болады.
Ұшақ бортында жасы 30 бен 60 аралығындағы төрт жолаушы және экипаждың екі мүшесі – 41 жастағы Дэвид Корона Кабреро мен 25 жастағы Алан Адриан Куэвас Лоо болған.
Алты адамның барлығы жеңіл жарақат алған. Ешқайсысы ауруханаға жатқызылған жоқ. Оқиғадан кейін әуежайдың ұшу-қону жолағы уақытша жабылды. Қазір қозғалтқыш қуатының жоғалу және апатқа ұшырау себептері тексеріліп жатыр.
Ұшақ Casago компаниясына тиесілі болған және Мехико қаласына жақын орналасқан Атисапан қаласына бағыт алған.
Бұған дейін Германияда да ұшақ апатқа ұшырап, көлік көп жүретін тасжолға құлағаны хабарланған еді.