Қазақстанның Әуе қорғанысы күштері бір жылда 50-ден астам оқу-жаттығуға қатысты

Әуе қорғанысы күштерінің бас қолбасшысы генерал-лейтенант Нұрлан Орманбетов жеке құрамның жауынгерлік даярлығын жетілдіру мен әскерлерді техникамен жарақтандыру жөнінде Zakon.kz-ке әңгімелеп берді

–   Әуе қорғанысы күштеріндегі осы жылы өткен маңызды іс-шараларды атап өтсеңіз. Жеке құрамды оқытуда жаңа әдіс-тәсілдер қолданылды ма?

– Әуе қорғанысы күштерінің әскери қызметшілері Қарулы күштердің барлық оқу-жаттығулары мен жаттықтыру шараларына қатысты. Биыл жаңа техникалар қабылдадық, бір жыл ішінде жас ұшқыштар құрамының қанатын қатайттық. Авиация мамандарын оқытып, әуе шабуылына қарсы қорғаныс жауынгерлік есептоптарын әзірледік.

Биылғы жылы Әскери-әуе күштері, Әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлері, сондай-ақ қамтамасыз ету бөлімдері мен бөлімшелері түрлі ауқымдағы: «Мызғымас бауырластық», «Шекара», «Бейбіт миссия», «Алтын жебе», «Жауынгерлік достастық», «Қалқан», «Отпантау» сынды 50-ден астам оқу-жаттығуға қатысты.

Соңғы оқу-жаттығу барысында Ми-17 және Ми-171Ш көліктік-жауынгерлік тікұшақтардың экипаждары алғаш рет Артиллериялық гаубицаларды, Автоматты минаатқыштарды және жеңіл автомобильдерді сыртқы аспаларымен көшірді. Әскери-көлік авиациясы Каспий теңізі акваториясына парашютпен арнайы бөлімшелер мен жүзу құралдарының әскери қызметшілерін, ал әскери авиация тікұшақтары су үстіне десант түсіруді орындады.

Бағдарсыз жерлерден ұшу кезінде тікұшақ экипаждары түнгі уақытта және күрделі метеорологиялық жағдайда қону алаңын табуға арналған инфрақызыл сүзгісі бар арнайы фараларды қолданды.

Қазіргі заманғы Ми-35М соққы беруші-жауынгерлік тікұшақтарында армия авиациясының экипаждары шартты қарсылас объектілерін тауып, жою үшін «Алтын жебе» арнайы операциялар күштерін кешенді тексеру барысында күндіз және түнде ұшудың «еркін аңшылық» тактикалық тәсілі пысықталды.

Майдан және әскери-көлік авиациясының экипаждары алғаш рет жолдың әуеайлақ учаскесіне қонып, ұшуды орындады. Сондай-ақ Су-30СМ жойғышында – аға лейтенант ардана Ботай Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің тарихында алғаш рет дербес ұшуын орындады.

Әуе қорғанысы күштерінің жеке құрамы халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерді бірнеше мәрте жүзеге асырды. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша 2021 жылдың қыркүйегінде Қазақстан әуе күштерінің арнайы борты Кабулдан Алматы әуежайына этникалық қазақтарды көшірді. Бұл Ауғанстандағы шиеленіскен саяси жағдайда орындалған, бұрын-соңды болмаған операция еді.

Әскери ұшқыштар майор Шыңғыс Алдоңғаров пен капитан Станислав Бирюков отандастарымызды Ауғанстаннан әкелу үшін арнайы рейс жасады. Бұл шараға қатысқаны үшін офицерлер II дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталды.

Ақтау авиация базасы командирінің орынбасары подполковник Диас Жұмағұлов Ми-8 тікұшағымен қатты дауылда Каспий теңізінде адамдарды құтқарды, осы әрекеті үшін «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімен марапатталды. Алматы облысында суға батып бара жатқан адамды құтқарған 30131 әскери бөлімінің автомобиль бөлімінің маманы старшина Ермек Қиғаранов «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды.

Ұшу құрамының жауынгерлік дағдысының негізгі көрсеткіштерінің бірі сыныптық біліктілікті арттыру болып табылады. Бүгінде ұшу сағаттарының саны артты.

Жас ұшқыштар Су-30СМ ұшақтарында алғашқы тәуелсіз ұшуларын орындады.

2021 жылы авиатехникаға қызмет көрсетуге инженерлік-техникалық құрамды оқытуға қатысты ауқымды жұмыс атқарылды. Әуе қорғанысы күштерінің мамандары әртүрлі регламенттік жұмыстарды жүргізуге және авиация техникасына қызмет көрсетуге тиісті сертификаттар мен рұқсаттарды ала отырып әуе техникасын дайындаушы зауыттармен жасалған шарттық міндеттемелерге сәйкес білім алады.

Ми-8 тікұшақтарында регламенттік жұмыстарды өз бетінше орындауға рұқсат алып, Әуе қорғанысы күштері Әскери институтының инженерлік-техникалық құрамы практиканы қайта оқыды, екі әуебазасының жеке құрамы Ми-35М тікұшақтарында ұшуға да осылайша рұқсат алды.

Инженерлік-техникалық құрамның 30-дан астам маманы Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына мүше мемлекеттер үшін әскери кадрлар даярлау жөніндегі келісімдер аясында Ресейдің әскери-ғарыш күштерінің мамандандырылған оқу-жаттығу орталықтарында курстық даярлықтан өтті.

Қосалқы бөлшектермен, жанар-жағармай материалдарымен қамтамасыз етуге, әскери тасымалдарды ұйымдастыруға, инженерлік-әуеайлақтық, медициналық, азық-түліктік және заттай қамтамасыз етуге жауапты материалдық-техникалық қамтамасыз ету бөлімшелерін атап өткен жөн. Техника мен қару-жарақты қысқы пайдалану режиміне ауыстыруда да тиісті жұмыс жүргізілді.

– Авиация паркін және әуе шабуылына қарсы қорғаныс техникасын толықтыру жоспарда бар ма?

– Әуе қорғанысы күштерінің қару-жарақ құрамында жаңа ұшқышсыз ұшу аппараттары, әскерлерді автоматтандырылған басқару құралдары, заманауи және жаңғыртылған зениттік зымыран кешендері мен радиолокациялық станциялар бар. Сондықтан бұл әскердің жоғары технологиялық түрі аталады.

«Сарышаған» полигонындағы «Жауынгерлік достастық» оқу-жаттығуында Су-30СМ ұшу экипаждары алғаш рет радиоэлектрондық кедергілер станцияларын қолданды. Олар әуе паркін жаңғырту және техникалық қайта жарақтандыру бағдарламасы шеңберінде қару құрамына келіп түсуде.

Әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлері Үкімет бекіткен қайта жарақтандыру бағдарламасына сәйкес биыл жаңа «Бук-М2Э» зениттік зымыран кешенімен, жаңғыртылған С-300ПС кешендерімен және «Нұр» GM-403 радиолокациялық станцияларымен толықтырылды.

Қазақстанда «Қауіпсіз ел» ұлттық жобасында көзделген отандық кәсіпорын зениттік зымыран кешендерін жаңғыртып, радиолокациялық станцияларды шығаратын болады.

Ресей Федерациясында жасалған үкіметаралық шартқа сәйкес, қысқа қашықтықтағы TOR-M2K зениттік зымыран кешенін сатып аламыз.

2022 жылы әскерлерге түрік елінен шыққан «ANKA» жаңа ұшқышсыз ұшу аппараттары, Су-30СМ көпфункционалды жойғыш ұшақтары мен әскери-көлік ұшақтарын, сондай-ақ ұшу құрамының жердегі дайындығын жүргізуге арналған ұшу аппараттарының әр типті кешенді тренажерлері беріледі.

–   Әуе қорғанысы күштері жеке құрамының күші алда қайда бағытталмақ?

– Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Жолдауда Ауғанстандағы жағдай, жаһандық шиеленістің жалпы артуы бізден қорғаныс-өнеркәсіп кешені мен Әскери доктринаны қайта қарауды талап етіп отыр. Қорғаныс қабілетін нығайту, қауіп-қатерлерге ден қоюдың жеделдігін арттыру да мемлекеттік маңызы бар басымдықтарға айналуы тиіс деген болатын.

Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы мен Қорғаныс министрінің Әуе қорғанысы күштерін дамытуға қоятын талаптары ескеріліп, жауынгерлік әзірліктің жоғары деңгейін қолдау жөніндегі міндеттерді іске асыру жалғасын табады.

Біз қарулы қақтығыстарды талдап, соғысушы тараптардың әрекеттері мен қару-жарақтарын бағалаймыз, әскерлердің сапалы дамуы үшін елдің және Қарулы Күштердің басшылығына өз ұсыныстарымызды енгіземіз.

«Қауіпсіз ел» ұлттық жобасына сәйкес міндеттерді іске асыруға, әскерлердің жауынгерлік әлеуетін арттыруға және техникалық жарақтандыруға басымдық беріледі.

Біздің әскери бөлімдеріміз бен бөлімшелеріміздің 90 пайызы Қазақстанның әуе шебін қорғай отырып, тәулік бойы жауынгерлік кезекшілік атқаратынын атап өткен жөн. Сонымен қатар, жауынгерлік оқу мен әскери қызмет ешқашан толастамайды.

Әуе қорғанысы күштерінің жеке құрамы мемлекетіміздің қауіпсіздігін қамтамасыз етуде бар күш-жігерін жұмсайды деп нық сеніммен айта аламын.

 

Қазақстан Бектанов Мұрат
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: