ҚазМұнайГаз мұнайға қатысты алыпсатарлық операциялар жайлы ақпаратты жоққа шығарды

"ҚазМұнайГаз" ҰК АҚ кен орындарынан мұнайды төмендетілген бағамен ішкі нарыққа сатып, оны одан әрі үшінші тұлғалардың экспортқа қайта сатуы бойынша алыпсатарлық операциялар жайлы ақпарат шындыққа жанаспайды. Бұл туралы ҚМГ мәлімдеді, деп хабарлайды Zakon.kz.
"Желіде "Өзенмұнайгаз" компаниясы өндіретін мұнай бағасын белгілеуге қатысты шындыққа жанаспайтын ақпарат кеңінен таралуда. ҚМГ-нің мұнай өндіретін ұйымдарының, соның ішінде "Өзенмұнайгаз" АҚ-ты қоса алғанда, экспортқа шығатын барлық өнімін үшінші тарап, яғни жеке делдал емес, ҚМГ компаниялар тобының жүйелік трейдері сатып алатынын хабарлаймыз. ӨМГ-нің экспортқа шығатын барлық мұнай көлемі әлемдік мұнай бағасына сай сатып алынады. Сондай-ақ ҚМГ ішкі нарықтың қажеттілігіне арналған ӨМГ өнімін де ешқандай делдалсыз сатып алады", делінген ҚМГ баспасөз қызметінің хабарламасында.

Сондай-ақ ҚМГ ел халқын қолжетімді бағамен отынмен қамтамасыз ету үшін мұнай өнімдерін сату кезінде шекті бағаны мемлекет белгілейтінін және бұл "ҚазМұнайГаз" ҰК АҚ үшін тиімсіз болып табылатынын баса атап өтті.

"Шығынды азайту үшін өңдеуге жіберілетін мұнай кен орындарынан экспорт бағасынан төмен бағамен сатып алынып, мұнай өңдеу зауыттарына тікелей жөнелтіледі. Осылайша, "ҚазМұнайГаз" ҰК АҚ кен орындарынан мұнайды төмендетілген бағамен ішкі нарыққа сатып, оны одан әрі үшінші тұлғалардың экспортқа қайта сатуы бойынша алыпсатарлық операциялар жайлы ақпарат шындыққа жанаспайды", делінген хабарламада.
Қазақстан
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: