Еліміздің барлық өңіріндегі білім басқармаларына бір ай мониторинг жүргізіледі

Оқу-Ағарту министрлігі жергілікті атқарушы органдардың білім саласындағы қызметін үйлестіру мен әдістемелік басшылықты жүзеге асыру мақсатында 5 маусым мен 5 шілде аралығында білім басқармаларының қызметіне кешенді зерделеу жұмыстарын жүргізеді, деп хабарлайды Zakon.kz.

Білім саласында сапаны қамтамасыз ету комитетінің басшысы Ернұр Дәуенов зерделеу тек білім басқармаларының жұмысын қамтиды, сәйкесінше балабақшаларға, мектептерге, колледждерге және басқа да білім беру ұйымдарына бару көзделмейтінін де нақтылайды.

"Зерделеудің негізгі мақсаты білім беру жүйесінің дамуын тежеуші факторларды және үздік өңірлік тәжірибені анықтау болып табылады. Сондай-ақ зерделеу барысында министрліктің комитеттері мен департаменттерінің мамандары және оның ведомстволық бағынысты ұйымдарының қызметкерлері әдістемелік көмек көрсетеді. Зерделеу жүргізу үшін өңірлік басқармалар қызметінің барлық бағыттарын қамтитын арнайы өлшемшарттар әзірленді". Білім саласында сапаны қамтамасыз ету комитетінің басшысы Ернұр Дәуенов

Іс-шараның қорытындысы бойынша өңірлердің білім беру жүйесін жетілдіру және олардың қызметінің тиімділігін арттыру жөнінде ұсынымдар берілетіні де баса атап өтіледі. 

"Білім басқармаларын зерделеуге мұғалімдер немесе білім беру ұйымдарының басшылары тартылмауы тиіс екенін тағы да еске салғым келеді. Білім беру ұйымдары үшін жазғы демалыс уақыты басталды, мұғалімдер бекітілген кестеге сәйкес кезекті демалысқа шығады. Қорытынды емтихандардан кейін де педагогтердің заңды еңбек демалысына шығуына ешбір кедергі болмауы керек.Білім саласында сапаны қамтамасыз ету комитеті барлық педагогтерге 2022-2023 оқу жылы ішінде атқарған жұмыстары үшін алғыс білдіреді және жақсы жазғы демалыс тілейді!", - дейді комитет басшысы.
Қазақстан
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: