БҚО-дағы НЗМ оқушылары әлеуметтік тәжірибе аясында ауылда болып қайтты

БҚО-дағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары ауыл халқының тіршілігімен танысу және ұлттық құндылықтарды дәріптеуге бағытталған "Екі күн ауылда" әлеуметтік тәжірибесі аясында Бәйтерек ауданындағы Өркен ауылының өмір салтына куә болып қайтты, деп хабарлайды Zakon.kz.

Ондағы мақсат - әлеуметтік белсенділік пен азаматтық жауапкершілікті арттыру және еңбекке дағдылану мақсатында түрлі машықтану жұмыстарын өткізу. 

 "Ұлттық құндылықтар – тәрбие өзегі" атты "Ашық есік" күнін ұйымдастырған алақандай ауылда атқарылып жатқан игі істер аз емес екен. Олар ата-баба өсиетіне сай салт-дәстүрдің қасиетін көрсетіп, шәкірттерімізді тәнті етті. Алдымен, ауыл ақсақалы Болат Құбайұлы  жеті ата, отбасылық шежіре тақырыбының маңызына тоқталып,  ат әбзелдері мен  атты қалай ерттеу керектігі туралы айтып берді.  Ақ жаулықты әжелер жүн түту, ұршық үйіру, көрпе жасау, киіз басу алаңында оқушы қыздарға шеберлік сәттерін көрсетті. Сонымен бірге тігін әлеміне саяхаттап,  қазақы бұйымдарды назарға ұсынды.


Сурет: Назарбаев зияткерлік мектебінің баспасөз қызметі


Қонақтар үшін жасақталған киіз үйдің өзі өскелең ұрпаққа өнеге сыйлады. Оның ішінде қайнаған қазақы тіршілік те зияткерлердің ерекше зейінін аударды. Ауылдың ақжарқын адамдары "Бауырсақ party" ұйымдастырып, оның жасалу және пісіру сәттерін мектеп оқушыларымен бірге іске асырды. Оқушыларымыз құрт жасап, дастарқан басында табақ тарту рәсімімен танысты. Әсіресе,   садақ ату, жамбы ату өнерлеріне оқушылар айрықша қызығушылық танытты.

Өркен ауылының қонақжайлылығы мен жылы көзқарасы оқушылардың жанын жадыратып, санасын сәулелі сәттерге толтырды. Бұл сапардан кейін олар ойға түйгендерін қағазға түсіріп, эссе жазбақ ниетте.

Орал Қазақстан
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: