Оған Қорғаныс министрлігінің басшылығы, Тыл бастығы басқармасының, Қарулы күштер түрлері мен әскер тектері бас басқармаларының әскери қызметшілері, қызмет ардагерлері қатысты, деп хабарлайды ведомство баспасөз қызметі.
Әскерлердің оқу және жауынгерлік өмірін қамтамасыз етуге баға жетпес үлес қосып келе жатқан Қарулы күштердің тылы 1992 жылғы 28 тамызда құрылған болатын.
Әскери қызметшілерді кәсіби мерекемен құттықтаған Қорғаныс министрінің орынбасары генерал-лейтенант Мұхамеджан Таласов тыл мамандарына кәсібилігі, өз істеріне жауапкершілігі және әскери борышына адалдығы үшін алғыс білдірді.
"Қарулы күштердің тыл мамандары өздерінің күнделікті, қажырлы әрі жанқиярлық еңбегімен ең күрделі міндеттерді орындауға қабілетті шын мәніндегі жаңа тылдық қамтамасыз ету жүйесін құра алды", – деп атап өтті ол.
Сурет: ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі
Қарулы күштердің тылын құрудың бастауында генерал-майорлар Сабыр Темірбеков, Дамир Халиков, Ораз Рақышев, Қажығали Мұқатов, Алмас Ахмадиев және генерал-лейтенант Талғат Жанжүменовтер тұрды. Соның арқасында бүгінде Қазақстан әскерінің берік іргетасы қаланды.
"Тыл мамандарының бүгінгі буыны жеңімпаз ұрпақтың даңқты дәстүрлеріне адал, Қазақстан әскерін материалдық құралдармен уақытылы және толық қамтамасыз ету бойынша өз міндеттерін абыроймен орындауда", – деді генерал-лейтенант Мұхамеджан Таласов.
Тыл әскери ұжымдарының тынымсыз, үйлесімді жұмысы әскерлердің күнделікті, оқу және жауынгерлік тыныс-тіршілігін толық қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Сурет: ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі
Мереке шеңберінде Ұлттық әскери-патриоттық орталықта әскери киім нысанының жаңа үлгілерінің көрмесі ұйымдастырылды.
Кәсіби мереке құрметіне бірқатар тыл мамандары Қорғаныс министрінің атынан Құрмет грамоталарымен марапатталды. Іс-шара Ұлттық әскери-патриоттық орталық шығармашылық ұжымы дайындаған мерекелік концертпен аяқталды.