Талдықорған қаласындағы Даиров көшесіндегі сауда нысандарының бірінен тұтынушылар құқығын қорғау жөніндегі сарапшы Биятан Жанна ет өнімін, салқындатылған, қайнатылған "Мұсылман сиыр еті" шұжығын сатып алды.
Сатып алынған өнім ҚР ДСМ Мемлекеттік сараптама комитетінің Жетісу облысы бойынша "Ұлттық сараптама орталығы" ШЖҚ РМҚ зертханасына Кеден одағының "Ет және ет өнімдерінің қауіпсіздігі туралы" КО ТР 034/2013 және "Тағамдық өнімдердің таңбалануы бойынша қауіпсіздігі" КО ТР 022/2011 техникалық регламенттерініңсәйкестігіне кешенді зерттеу жүргізу үшін зерттеуге ұсынылды.
Сурет: Жанна Биятан
Нәтижесінде, өнім бірқатар техникалық регламенттерге сәйкес келмейтін болып шықты. Өнімде:
- өндіру күні көрсетілмеген;
- жарамдылық мерзімі көрсетілмеген;
- азық-түлік өнімдерінің көлемі көрсетілмеген;
- микробиологиялық зерттеулер өнімде Алтын стафилококк (Staphylococcus aureus) бар екенін көрсетті.
Алтын стафилококк – стафилококк тұқымдасы өкілдерінің бірі. Термиялық өңдеу кезінде бактериялар жойылса да, токсиндер өнімде қалып, улануды тудыруы мүмкін. Әртүрлі топтағы антибиотиктер мен антисептиктерге төзімділікті дамытуға қабілетті, қолайсыз ортада жақсы өмір сүреді: кепкен кезде де белсенділігін жоғалтпайды, 12 сағат бойы тікелей күн сәулесінің астында қалса да құрамын өзгертпейді, 100 °C температураға 10 минут бойы шыдайды, этил спирті және сутегі асқын тотығында да тіршілігін жалғастыра береді).
Сонымен қатар, хаттамада партия нөмірі, көлемі (салмағы) және шығарылған күні көрсетілмегені атап өтілді.
Зерттеу материалдарының нәтижелері тиісті шаралар қабылдау үшін құзырлы органдарға жолданды.
Сурет: Жанна Биятан
Қандай шаралар қолдануға болады?
Сарапшы сатушы мемлекеттік бюджетке төмендегідей мөлшерде айыппұл төлеуі мүмкін екенін атап өтеді:
- 30 АЕК (103 500 теңге) – егер сатушы жеке тұлға болса;
- 230 АЕК (793 500 теңге) – лауазымды тұлғаларға, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға;
- 310 АЕК (1 069 500 теңге) – орта бизнес үшін;
- 1600 АЕК (5 520 000 теңге) – ірі кәсіпкерлік субъектілері үшін.
Азық-түлік сатып алу үшін сарапшылардың кеңесі
Тұтынушылар өнімнің таңбалануына назар аударуы керек, онда келесідегідей ақпараттар болуы қажет:
- тамақ өнімінің атауы;
- тамақ өнімдерінің құрамы;
- тамақ өнімдерінің саны;
- тамақ өнімдерін өндіру күні;
- тамақ өнімдерінің жарамдылық мерзімі;
- өндіруші белгілеген немесе тамақ өнімдерінің жекелеген түрлеріне арналған Кеден одағының техникалық регламентінде көзделген тамақ өнімдерін сақтау жағдайлары. Қаптаманы ашқаннан кейін сапасы мен қауіпсіздігіне нұқсан келетін өнімді бұзылудан қорғайтын тамақ өнімдері үшін орамды ашқаннан кейінгі сақтау шарттары да көрсетіледі;
- тамақ өнімдерін өндірушінің атауы мен орналасқан жері немесе тамақ өнімдерін өндіруші жеке кәсіпкердің тегі, аты, әкесінің аты және орналасқан жері (бұдан әрі – өндірушінің атауы және орналасқан жері);
- пайдалану бойынша ұсынымдар немесе шектеулер;
- тамақ өнімдерінің тағамдық құндылығының көрсеткіштері;
- тамақ өнімдерінде генетикалық түрлендірілген ағзаларды (бұдан әрі – ГТА) пайдалана отырып алынған компоненттердің болуы туралы мәліметтер;
- Кеден одағына мүше мемлекеттер нарығында өнім айналымының бірыңғай белгісі;
Мұнымен қоса, ақпарат орыс және мемлекеттік тілде болуы керек.
"Сондай-ақ сапасыздық белгілері байқалса, өнімнің жарамдылық мерзімін анықтау мүмкін болмаса, тұтыну ыдысы/қаптамасы бүлінсе, қаптамадағы ақпаратты оқу мүмкін болмаса мұндай өнімдерді сатып алудың қажеті жоқ. Тез бұзылатын өнімдердің температуралық режімі сақталмай сатылып жатады, өнімдерді сақтау температурасы өндірушінің затбелгісіндегі температурадан ерекшеленеді", – деп атап өтті Жанна Үрметханқызы.
Тауарлардың (жұмыстардың, қызметтердің) сапасын зерттеу нәтижелері туралы "МОТҚҚҚ" ҚБ таратқан ақпарат, сондай-ақ, басқа да ақпарат жарнама болып табылмайды және тұтынушылардың құқықтары мен заңды мүдделерін іске асыруға ықпал етеді. Осыған ұқсас фактілерге қатысты туындаған сұрақтар бойынша байланыс телефоны: 87054222739, Instagram.