Тағам өнімдерінің таңбаламасы – азық-түлік сөрелері жанында тұрғанымызда бізге әрқашан көмекке келетін көрінбейтін "қорғаушы". Ол біздің көз алдымыздағы қандай өнім екенін, оның неден тұратынын және тұтынуға қаншалықты қауіпсіз екенін түсінуге көмектеседі.
Егер бұл "қорғаушы" жоқ болып, барлық ақпарат әдемі, бірақ "бос" қораптың арғы жағына жасырылса ше? "Маңғыстау облыстық тұтынушылардың құқықтарын қорғау қоғамы" қоғамдық бірлестігінің ("MOТҚҚҚ" ҚБ) мамандары Семей қаласындағы халық тұтынатын тауарларға тексеру жүргізу барысында дәл осындай жағдайларға тап болды.
2024 жылдың шілдесінде "МОТҚҚҚ" ҚБ өкілі жасырын сатып алу әдісімен әрқайсысы 250 мл болатын "Mountain Dew" және "MIRINDA. Orange flavor" атты белгілі екі сусынды сатып алды. Дәл осы сияқты "танымал, газдалған сусындардан қарапайым әрі қауіпсіз не болуы мүмкін?" деп ойлаймыз-ау. Бірақ, зерттеу нәтижелері соншалықты қуантарлықтай болған жоқ.
Сурет: Жанна Биятан
Тұтынушылардың
құқықтарын қорғауға бағытталған әлеуметтік жоба аясында жасалған ынтымақтастық
туралы келісімге сәйкес, сусындар қауіпсіздігі мен қолданыстағы заңнамаға
сәйкестігіне кешенді сараптама жүргізу үшін аккредиттелген зертханаға жіберілді (09.07.2024
ж. №
215/15220 және № 214/15219, 11.07.2024 ж. № 52/15220 және № 51/15219
зерттеу хаттамалары). Зерттеу нәтижелері екі жағдайдағы сусынның таңбаламасында да бірдей кемшіліктердің бар екенін көрсетті:
- Қазақ және орыс тілдеріндегі негізгі ақпараттардың болмауы: Тауар қаптамасында сіз түсінетін тілде ақпараттың жоқ екеніне қаншалықты мән беріп, жиі байқайсыз? Мүмкін, сіз бұл туралы ойламаған да шығарсыз, бірақ оныңыз бекер болған. Бұл сусындардың жапсырмаларында өнімнің атауы, құрамы, сақтау шарттары немесе тағамдық құндылығы көрсетілмеген. Егер сіз ата-ана немесе диеталық шектеулері бар адам қатарында болсаңыз, онда бұл ақпараттардың жетіспеушілігінің соңы жағымсыз салдарларға соқтыруы әбден мүмкін.
- Өндірушіге қатысты ақпараттар көрсетілмеген: Бұл сусынды кім және қай жерде шығарды? Тұтынушылар бұл маңызды сұрақтарға жауап ала алмады, өйткені қаптамада өндіруші және оның орналасқан жері туралы ақпарат жазылмаған.
- EAC белгісі жоқ: бұл өнімнің Еуразиялық экономикалық одақтың техникалық регламенттері талаптарына сәйкестігін растайтын сапа стандарты. Егер бұл белгі көрсетілмесе, онда өнім қауіпсіздік сынағынан өтпеген дегенді білдіреді.
- Қаптаманың тағаммен жанасуға арналғанын білдіретін белгісі көрсетілмеген: Қаптаманың қауіпсіздігіне қатысты бір сәт ойланып көріп пе едіңіз? Бұл белгінің болмауы қаптаманың тамақ өнімдерімен байланыс қауіпсіздігіне тексерілмегенін көрсетуі мүмкін.
"Біз таңбалау жай ғана формальдылық емес, қорғаныс құралы екенін көп жағдайда ұмытып кете береміз. Егер біз не сатып алатынымызды нақты білмесек, таңдағанымыздың қауіпсіздігіне де кепілдік бере алмаймыз. Бұл, әсіресе, балалары бар отбасылар мен ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін өте маңызды"."MOТҚҚҚ" ҚБ сарапшысы Әлия Алибекова
Сурет: Жанна Биятан
Тұтынушылар
маңызды бөліктерге назар аудармай, көп жағдайда жарқыраған қаптамасы мен танымал брендтерге
сеніп жатады. Бірақ, өнім туралы толық ақпарат болмай жатса не істеу керек? Құрамы,
сақтау шарттары немесе тағамдық құндылығы туралы мәліметтер көрсетілмесе, онда қауіпсіз өнімді қалай
таңдау қажет?
Қазақ және орыс тілдеріндегі таңбалама тек заңмен ғана талап етілмейді, ол әрбір тұтынушыға – ата-анадан бастап, аллергиясы бар адамдарға дейін – дұрыс таңдау жасауға көмектеседі. Мысалы, аллергиядан зардап шегетін адамдар, егер ингредиенттер тізімі тек шет тілінде болса, олар зиянды ингредиенттері бар өнімді кездейсоқ сатып алуы мүмкін. Ал белгілі бір диеталық стандарттарды ұстанатын адамдар калория мөлшері мен құрамы туралы ақпараттың болмауына байланысты таңдауда қателесуі мүмкін.
Әлия Расбекқызы сөзін әрі қарай былай жалғастырады: "Елестетіп көріңізші, сіз жұмыстан үйге асығып бара жатырсыз, отбасылық кешкі ас үшін дүкеннен газдалған сусын іздеп жүрсіз. "MIRINDA" жарқыраған қаптамасымен назарыңызды аударып, ойланбастан оны сөреден алып кетесіз. Бірақ, содан кейін не болады? Үйде бояғыштарға аллергиясы бар балаңыз сол сусыннан ішіп, өз-өзін нашар сезініп жатқанын айтып шағымдана бастайды. Сіз сусынның құрамын қарауға асығасыз, бірақ... таңбаламасында ол сіз түсінетін тілде жазылмаған. Ал, әрі қарай не істеу керек? Мұндай оқиға біздің әрқайсымыздың басымызда болуы мүмкін, сондықтан қаптамадағы толық және қолжетімді ақпарат сән-салтанат емес, ол – қажеттілік!".
Тұтынушыларға арналған жадынама
Мұндай жағдайларды
болдырмау үшін сарапшылар төмендегі
кеңестерді ұсынады:
- Әрқашан таңбаламаны тексеріңіз: Қаптамада қазақ және орыс тілдеріндегі: атауы, құрамы, сақтау шарттары және тағамдық құндылығы туралы ақпараттардың бар екеніне көз жеткізіңіз.
- EAC белгісін іздеңіз: Бұл өнімнің сыналғанын және қауіпсіздік стандарттарына сәйкес келетінін растайды.
- Сатушыларға сұрақ қоюдан тартынбаңыз: Қаптамадан қажетті ақпаратты таба алмасаңыз, сатушыдан сұраңыз. Не сатып алатыныңызды білу – сіздің құқығыңыз.
Әдемі қаптаманың арғы жағында кейде денсаулыққа кері әсерін тигізетін қауіптер жасырынып жатады. Тұтынушылардың құқықтарын сақтау – өндірушілер мен сатушылар өз өнімдері туралы толық ақпаратты қамтамасыз етуден басталады. Бұл таңдауымызға сенімді болып, жақындарымызды қорғаудың жалғыз жолы.
Аталмыш материалды әлеуметтік жобаның орындаушысы – "Маңғыстау облыстық тұтынушылардың құқықтарын қорғау қоғамы" қоғамдық бірлестігі дайындады.
Осыған ұқсас сұрақтар бойынша 87054222739 байланыс нөміріне немесе Instagram-дағы OZPP.KZ парақшасына хабарласуға болады.