Егер тамақ өнімі техникалық ережелерге сәйкес келмесе не істеу керек

Қазіргі заманғы азық-түлік нарығы тұтынушылар тарапынан мұқияттылықты қажет ететін өнімдердің кең ауқымын ұсынады. "МОТҚҚҚ" ҚБ тамақ өнімдерінің қауіпсіздігі мен сапасының негізгі элементтерінің бірі олардың таңбаламасы екенін ескертті.

Таңбалама – Қазақстанның барлық азаматтарына қолжетімді ақпарат көзі, ол мемлекеттік тілде ұсынылуы тиіс. Бұл жай ғана заң талабы емес, тұтынушылар құқығын қорғаудың маңызды құрамдас бөлігі.

"Маңғыстау облыстық тұтынушылардың құқықтарын қорғау қоғамы" қоғамдық бірлестігі ("МОТҚҚҚ" ҚБ) нарықтың ашықтығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатысты жұмысын жалғастыруда. Осылайша, ұйым өкілі 2024 жылдың маусым айында жасырын сатып алушы әдісімен Шымкент қаласындағы дүкендердің бірінен тұтынушылар арасында "фунчеза" атымен кеңінен танымал салмағы 240 грамм болатын, Қытайда өндірілген "желатиновые вермишели из крахмала бобовой муки" деп аталатын өнімді сатып алады.

Сурет: Жанна Биятан

Соңғы жылдары азиялық асханалар өзінің ерекше дәмі мен тағамдарының алуан түрлілігінің арқасында тез танылып, оның арасында құрамында майы аз, өзі жеңіл әрі пайдалы – фунчеза деп аталатын көмірсу мөлшері жоғары өнім түрі қолданылады. Бұл вермишель ас мәзірін әртүрлі етіп өзгерткісі келген және фигурасын сақтауды қалайтындар үшін тамаша таңдау болуы мүмкін.

Дегенмен, таңбалама мәселесі оның дәмдік артықшылығынан асып түседі. Қазақ тіліндегі таңбалама тек ақпарат беру қызметін ғана атқарып қоймайды. Бұл тұтынушыларды қорғау құралы. Мысалы, аудармасының жоқтығы өнімнің құрамын, оның тағамдық құндылығын немесе сақтау шарттарын дұрыс түсінуге кедергі келтіруі мүмкін. Бұл, сайып келгенде, әсіресе, аллергиясы немесе диеталық шектеулері бар адамдарға қауіпті болатыны анық.

Сурет: Жанна Биятан

Келесі кезекте өнім Кеден одағының қауіпсіздік талаптары мен техникалық регламенттеріне сәйкестігін талдау үшін "Ұлттық сараптама және сертификаттау орталығы" АҚ Оңтүстік Қазақстан филиалының аккредиттелген зертханасы сарапшыларына ұсынылды.

Еуразиялық экономикалық одақ аумағында өнімнің қауіпсіздік стандарттарына сәйкестігін растайтын ЕАС белгісінің болуына қарамастан, сараптама елеулі сәйкессіздікті анықтады. 2024 жылдың 2 шілдесіндегі №1/722 зерттеу хаттамасына сәйкес, қаптамада қазақ тіліндегі ақпарат мүлдем жоқ, бұл да Қазақстан Республикасы "Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы" заңына тікелей қайшы. Мұндай ақпараттың болмауы Қазақстан азаматтарының құқықтарын шектейтінін және ақпаратты мүлдем ұсынбағанмен бірдей екенін түсіну маңызды.

Заңның 25-бабына сәйкес, тауар туралы ақпарат қазақ және орыс тілдерінде берілуі тиіс. Талаптарды бұзу жай ғана бюрократиялық формальдылық емес, бұл тұтынушылардың қауіпсіздігі мен денсаулығына қауіп төндіру. Тұтынушы тауарды сатып алуға қатысты шешім қабылдағанға дейін ол туралы толық және нақты ақпарат алатынына сенімді болуы керек.

Фунчеза жағдайында мемлекеттік тілдегі аудармасының жоқтығы орыс немесе шет тілдерін білмейтін қазақстандықтарға өнімнің маңызды сипаттамаларымен танысуға мүмкіндік бермейді. Тұтынушы өнімде аллергиялық реакция тудыруы мүмкін ингредиенттер бар екенін немесе оның бұзылмауы үшін белгілі бір жағдайларда сақталуы керектігін түсінбейтінін елестетіп көріңіз.

"Біздің жұмысымыз тұтынушылардың хабардарлығын арттыруға бағытталған. Біз қазақстандықтардың құқықтарын қорғау үшін өнімге қатысты объективті мәліметтерді береміз. Көпмәдениетті қоғамдағы құқықтық нормаларды ескере отырып, қазақ тіліндегі ақпарат қауіпсіздіктің құрамдас бөлігі болып табылады. Біз зерттеулер жүргізіп, өнімге қатысты толық ақпарат беру үшін зертханалармен ынтымақтастықты жалғастырамыз". Алия Алибекова, "MOТҚҚҚ" ҚБ өкілі

Кәсіпкерлер мен тұтынушыларға кеңес

Кәсіпкерлер үшін өнім таңбаламасы талаптарын сақтау міндеттеме ғана емес, сонымен қатар өз тұтынушыларының сенімін сақтау тәсілі екенін түсіну маңызды. Ақпаратты қазақ тілінде енгізу тек заңдық норма ғана емес, әрбір сатып алушыға деген құрмет. Өнім сатылымға шығар алдында таңбаламаның толық жиынтығының бар екенін тексеру ұсынылады.

Сондай-ақ тұтынушылардың өнім таңдауда қырағылық танытуы маңызды. Егер қаптамада қазақ тілінде ақпарат болмаса немесе құрамы, сақтау шарттары, жарамдылық мерзімі сияқты міндетті ақпараттар көрсетілмесе, бұл өнімнің қауіпсіздік талаптарына сай келмейтіндігінен хабар береді. Мұндай жағдайларда өнімді сатып алудан бас тартқан дұрыс немесе тұтынушылардың құқықтарын қорғау органдарына хабарласқан жөн.

Қазақстандық дүкендердің сөрелерінде ұсынылған әрбір өнім Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес таңбалануы тиіс. Таңбалама – бұл сатушы мен сатып алушы арасындағы сенім тілі және оның болмауы дұрыс таңдау жасауға кедергі келтіретіні анық. Есіңізде болсын: ең маңыздысы – сіздің денсаулығыңыз бен қауіпсіздігіңіз.

Материалды "Маңғыстау облыстық тұтынушылардың құқықтарын қорғау қоғамы" қоғамдық бірлестігі дайындаған.

Осыған ұқсас сұрақтар бойынша байланыс нөмірі 87054222739 немесе Instagram парақшасы: OZPP.KZ

Қазақстан Тұтынушылық бақылау
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: