Бұл туралы 2026 жылы 29 шілдеде Ақмола облысы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады:
"Қазіргі уақытта көл аумағында табиғатты қорғау шараларының кешені жүзеге асырылып келеді. Көлге іргелес аумақта қоршаулар мен ақпараттық тақталар орнатылды. Алдағы уақытта көл аумағында қонақтар үшін арнайы автотұрақ пен шолу алаңдары пайда болады. Бұл қоршаған ортаға зиян келтірмей оны тамашалауға мүмкіндік береді".
Сонымен қатар, көлге қатысты бірқатар шектеу қойылып отыр:
- автокөлікпен кіруге,
- жағалау аумағына баруға,
- шомылуға,
- тұз бен емдік балшық жинауға толықтай тыйым салынады.
Сурет: gov.kz
Ұлттық парктің мемлекеттік инспекторлары мен полиция қызметкерлері аумақты тәулік бойы күзетіп жатыр.
"Бұл шаралар соңғы жылдары айтарлықтай антропогендік зардап шеккен көлді сақтауға бағытталған. Ақмола облысының әкімдігі азаматтарды бірегей экожүйені болашақ ұрпақ үшін сақтау мақсатында белгіленген талаптарды қатаң сақтауға шақырады", делінген хабарламада.
Астанадан шамамен 160 шақырым жерде орналасқан Көбейтұз көлі өзінің ерекше қызғылт реңімен танымал. Осындай бірегей табиғи ерекшелік мыңдаған туристің қызығушылығын тудырып, көлге келетін адам саны жыл сайын артып келеді.
Бұған дейін Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Көбейтұз көліне ерекше қорғалатын аумақ мәртебесі берілетіні хабарланған.