Қазақстанда жүрген көптеген салафиттер сақалын қанша қырып тастаса да, ішкі дүниесін өзгерткісі келмейді. Оларға өздерінің идеологиясында жүрген жайлы. Бұл туралы танымал дінтанушы, сарапшы, республикалық ақпараттық-түсіндіру тобының мүшесі Гүлназ Рыздықова әңгімелеп берді, деп хабарлайды Zakon.kz.
– Біз көптеген түзету мекемелеріне барып, көріп отырмыз. Жүйелі жұмыстар нәтижесін бере бастады, түрмедегі жамағат жалпы алғанда өзгеріп келеді. Жалған діндер мен радикалды ағымдар мен идеологияларға қарсы бағытталған ауқымды жұмыстар осылайша оң нәтиже беріп отыр. Тіпті жалған салафизмнен саналы түрде бас тартқан адамдар да бар.
Бірақ өкінішке қарай, қайта тәрбиелеуге көнбейтін, біздің сөзімізді ұқпайтындар да бар. Жалған салафиттердің көпшілігі бейімделген болып түрін өзгертіп, балағын түсіруде. Бірақ олар ішкі жан-дүниесін өзгерткісі келмейді, оларға өздерінің идеологиясында жүрген жайлы. Олар өз лидерлеріне қатысты жүрген, жүріп жатқан барлық сот істерінен хабардар. Ішкі істер органдары тарапынан діни ағымдарға баса назар аударылғанын да біледі. Содан көпшілігі сақалын қырып та тастады, бірақ жалған салафизм идеологиясына деген көзқарасын шын ниетімен өзгертіп, дінге басқаша қарауға тырыспайды. Өкінішке қарай, әзірге солай. Әйтсе де, олармен жұмыс істеуді тоқтатпау керек. Өйткені ондай жағдайда олар одан сайын радикалданып кетеді, өз идеологиясына өзгелерді қаратып, жалған салафиттер қатары көбейе түсуі мүмкін.
Ең үлкен қауіп – дін жамылған жалған салафиттер шындығында үлкен саяси қозғалыс. Олар өзге діндерге бейбіт көзқараспен қарамайды. Діни радикализм барлық жағынан барлық салада қауіпті.
Әрине, жалған салафиттер билікке деген ұмтылысын ашық білдірмейді, бірақ әлеуметтік сала болсын, кез-келген сала бойынша туындайтын жағдайды пайдалануы мүмкін, түрлі наразылық қозғалыстарына қосылып кетуі мүмкін. Мұндағы ең қауіптісі – осы жалған салафизм идеологиясының мазмұнында жатыр. Бірінші кезекте демократиялық құндылықтарды мойындамау мен оған қарсы шығу, мемлекеттің заңдарын мойындамау мен мемлекеттілікті қабылдамау. Оларға салсақ, қазіргі әлемде түгелдей ислам Халифаты орнауы керек. Сондықтан Халифатты арман еткен жалған салафиттер билікті өзгерту үшін кез-келген наразылық қозғалысына қосылып кетуі ғажап емес, әлемде ондай жағдайға мысал көп.
Жастар неге жат ағымның жетегінде кетеді? Оған негізінен өзіне қоғамнан орын таппай шарқ ұрғандар шарасыздықтан барады. Жайсыздықты, жалғыздықты сезінген адамдарда психологиялық қорғаныстың белгілі бір формалары қалыптасады. Адам өзін "бөтен" деп қабылдап, "бөтен" әлемнің жағына шығып алады. Араб әлеміне деген қызығушылық осыдан туындаған. Әрбір салафит өзін араб әлеміне жатқызады. Өзін алыстағы араб мәдениетіне жатқызып, өзін қоршаған ортадан осылай қорғанады, – дейді Гүлназ Рыздықова.
Торғын Нұрсейітова