Құрбан айттың алғашқы күні, яғни, 9 шілдедегі мәлімет бойынша республика көлемінде жалпы саны 14 435 мал шалынса, 2600-ге жуық тапсырыс qurban2022.kz сайты арқылы берілген. Оның ішнде қой – 12 786, ешкі – 845, ірі қара – 796, түйе – 8. Барлығын айтқанда еліміз бойынша 46 807 отбасыға құрбандық еті таратылды, – делінген ҚМДБ хабарламасында.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының қоғам алдындағы негізгі қызметінің бірі – қайырымдылық шараларын ұйымдастыру. Онлайн форматта құрбан шалуға qurban2022.kz сайты арқылы тапсырыс беру айттың үшінші күні, яғни, 11 шілде сағат 16:00-ге дейін жалғасады.
Бүгінде әлем мұсылмандары екі жылға созылған үзілістен кейін үлкен қажылық жасап жатыр. Солардың қатарында Мекке қаласында қажылық парызын өтеп жүрген 4 мың отандасымыздың ниеті мен дұғасы қабыл болып, елімізге аман-есен оралуын тілейміз. Алла Тағала еліміз бен жерімізге берекесін жаудырып, шалған құрбандықтарымызды, берген садақаларымызды, айт күндері амалға асырған Аллаға ұнамды әрбір игі істерімізді қабыл еткей. Айттан айтқа аман-есен жете берейік. Әмин, – деп құттықтады бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы.