Қазақстан мен Қытай "Қорғас" халықаралық орталығында қауіпсіздікті қамтамасыз етпек
Фото: Zakon.kz
Келісімнің мақсаты – "Қорғас" халықаралық шекара маңы ынтымақтастығы орталығының аумағында қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету үшін Қазақстан мен Қытайдың құзыретті органдары арасындағы өзара іс-қимылдың тиімді құқықтық тетігін қалыптастыру.
Құжатқа сәйкес, екі елдің құзыретті органдары өз өкілеттіктері шегінде орталық аумағында жасалған құқыққа қайшы әрекеттердің алдын алу, оларды анықтау, жолын кесу және тергеп-тексеру бағытында өзара іс-қимыл жасайды. Бұған тараптардың кез келгенінің ұлттық қауіпсіздігіне нұқсан келтіруі мүмкін әрекеттер де кіреді.
Бұл шаралар орталық аумағындағы Қазақстан және Қытай азаматтарына, үшінші мемлекеттердің азаматтарына, екі елдің аумағында тіркелген азаматтығы жоқ адамдарға, заңды тұлғаларға, сондай-ақ заңды тұлға құрмай қызмет ететін ұйымдарға (Қытай тарапы үшін) және олардың мүлкіне қатысты құқыққа қайшы әрекеттерді қамтиды.
Сонымен қатар іздеуде жүрген адамдардың орналасқан жерін анықтау және оларды ұстау мәселелері де қарастырылған.
Қажет болған жағдайда екі елдің құзыретті органдары жазбаша сұрау салу негізінде орталық аумағындағы қоғамдық тәртіпті сақтау, жол қозғалысын ұйымдастыру, инфрақұрылым нысандарына қызмет көрсету және оларды бақылау мәселелері бойынша консультациялар бастайды.
Құжат қоғамдық талқылау үшін "Ашық НҚА" порталында жарияланған. Талқылау 18 қарашаға дейін жалғасады.