Қуаты 702 МВт Шүлбі гидроэлектростансасы Шүлбі кентінің жанындағы Ертіс өзенінде орналасқан. Ол қуаты жағынан Ертіс ГЭС каскадындағы үшінші және Қазақстандағы ең ірі станса болып табылады. Станса Ертіс өзенінің ағынын реттеуге және Үлбі мен Уба өзендерінің ағындарын жинақтауға арналған.
Қазіргі уақытта ГЭС-те негізгі жабдықтың жағдайын нақты уақыт режимінде бақылауға және ақауларды ерте кезеңінде анықтауға мүмкіндік беретін кеңейтілген диагностиканың пилоттық жобасы іске асырылуда. Жоба жоспардан тыс тоқтап қалу жағдайларын азайтуға және стансаның апатсыз жұмыс істеуін қамтамасыз етуге арналған.
"Станса басшылығы Шүлбі ГЭС-інің тұрақты жұмысын қамтамасыз ету және оны жаңғырту үшін бар күшін салуы тиіс. Стансаның қуаттылығын арттыру жөніндегі жоспарлар іске асыра отырып, жақсы нәтижелерге ұмтылу қажет". Әлихан Смайылов
Үкімет басшысының назарына энергетика және су саласындағы жобалар, соның ішінде 3-ЖЭО, Шүлбі ГЭС қуатын 350 МВт-қа арттыруға мүмкіндік беретін Ертіс өзеніндегі контрреттегіш және жаңа қосалқы стансалардың жобасы ұсынылды. Премьер-министр инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту өңірдің қарқынды дамуы тұрғысынан маңызды екенін атап өтті.
"Жаңа әлеуметтік нысандар мен кәсіпорындар, түрлі инвестициялық жобалар іске қосылады. Энергияға деген сұраныс арта береді. Сондықтан өсіп келе жатқан экономиканы энергиямен қамтамасыз етуге дайын болу үшін барлық қуат көздері мен желілерді қалыпты жағдайға келтіруіміз керек", — деді ол.
Абай облысына сапары аясында ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайылов Семей қаласындағы "Ғаббасов" қазандығын реконструкциялау барысымен танысты.
"Ғаббасов" қазандығы Семейдің орталығында орналасқан. Қысқы маусымда 66 көпқабатты және 138 жеке тұрғын үйді, 39 бюджеттік мекемені, 10 әлеуметтік және 140 коммерциялық нысанды жылумен қамтамасыз етеді. Қазір мұнда қайта жөндеу жұмыстары жүріп жатыр, жаңа жылыту кезеңі басталғанға дейін аяқтау жоспарланған.
Премьер-министр қаланы жылумен қамту мәселелерін шешу үшін Өңірді дамытудың кешенді жоспарына жылу көздерін реконструкциялау бойынша 11 жоба енгізілгенін айтты. Атап айтқанда, "Ғаббасов" және "Орталық" қазандықтарын реконструкциялау жылу режимін жақсартуға, халыққа көрсетілетін қызметтердің сапасы мен сенімділігін, қаланың экологиялық ахуалын жақсартуға және жылу шығынын азайтуға мүмкіндік береді.
"Семей қарқынды дамып келеді. Халық саны артып, жаңа объектілер мен тұрғын үйлер салынып жатыр. Нәтижесінде, қаладағы жылыту көздеріне түсетін жүктеме жылдан жылға арта түседі. Биыл "Ғаббасов" және "Орталық" қазандықтарын қалпына келтіруге бюджеттен 1 млрд теңге, жылу желілеріне 3,5 млрд теңге бөлінді. Әкімдік келесі жылыту маусымы басталғанға дейін барлық жұмыстың сапалы жүргізілуін қамтамасыз етуі керек", — деді Әлихан Смайылов.
Ол бүгінде ЖЭО-3 салу мәселесі пысықталып жатқанын айтып, жобаны әрі қарай қаржыландыру үшін осы жылы техникалық-экономикалық негіздемені аяқтау маңызды екенін атап өтті.