Депутат Бақытжан Базарбек пленарлық отырыста ірі жер қойнауын пайдаланушылардың Өнімді бөлісу туралы келісімі жөнінде халықта ақпарат жоқ екенін мәлімдеді.
"1997 жылдан бері барлық кен орындары инвесторлардың қолында. Мысалы, Теңіз және Қарашығанақ кен орындары. Бірақ, өкінішке қарай, бүгінгі күнге дейін олармен жасалған келісім-шарттар туралы халық біле бермейді. Ал Конституцияға сәйкес, халық барлық ресурстардың иесі болып саналады. Бұл ақпаратты халыққа ашу мүмкін бе және біз оны ашуға дайынбыз ба?". Бақытжан Базарбек
Депутат Азат Перуашев та бойынша деректердің жабық болуына наразылығын білдірді.
"Бізге Өнімді бөлісу туралы келісім халықаралық құқық талаптарына сәйкес жария етілмейді деп айтылды. Осы логика бойынша жер қойнауының иесі – Қазақстан халқының шетелдіктер өз мүлкіне қалай билік ететінін білуге құқығы жоқ. Бұл үйіңізге біреу келіп, оны жылдар бойы басқарып, мүлкіңізді сатып, іргетасын бұзғаны сияқты. Ал оның не істеп жүргенін сұрасаңыз, заңгер оны білуге болмайтынын айтады".Азат Перуашев
Энергетика вице-министрі Асхат Хасенов бүгінде келісім-шарттарға қатысты кейбір мәліметтер жарияланғанын айтты. Әңгіме жер қойнауын пайдаланушы компаниялардың салық төлемдері, олардың әлеуметтік жобалары және бірқатар төлемдер туралы болып отыр.
"Басқа мәліметтерге келетін болсақ, бұл заң жобасы бойынша бізде жұмыс тобы бар, оны Еділ Жаңбыршин басқарады. Жұмыс тобының ішінде ұсыныстар болса, біз оны талқылауға дайынбыз. Бұл келісім-шарттар бойынша халықаралық талаптарға сәйкес, қазіргі уақытта Қазақстан Республикасы Үкіметінің келісімі бойынша екі тарап, егер келісілген болса, ақпарат көпшілікке жарияланады". Асхат Хасенов