Мусиннің айтуынша, жыл басынан бері бөгде ұйымдар компания желілерін 459 рет зақымдаған. Соның салдарынан байланыс желілерінің жалпы істен тұру уақыты 80 күнге жеткен. Оның сөзінше, мұндай мәселеге басқа байланыс операторлары да тап болып отыр.
"Биыл Жетісу облысында жер қазу жұмыстары кезінде жеке компанияның экскаваторы біздің магистральдық кабелімізді зақымдады. Апат салдарынан 15 мыңнан астам абонент байланыссыз қалды. Оның зардабы облыс аумағынан да асып, интернет-трафиктің төмендеуі тіпті Семей мен Павлодар қалаларында да тіркелді. Байланысты қалпына келтіруге төрт сағаттан астам уақыт кетті", – деді ол.
Сонымен қатар Мусиннің айтуынша, қазір байланыс желілерін бүлдіргені үшін салынатын айыппұлдың ең жоғары мөлшері 120 АЕК немесе 519 мың теңгені құрайды.
"Бүгінде байланыс – азаматтардың электр қуаты, су немесе жылу сияқты негізгі қажеттіліктерінің бірі. Алайда оның құқықтық мәртебесі әзірге аталған қызметтермен бірдей емес. Сондықтан заңнамада байланысты негізгі инфрақұрылымдық қызмет ретінде кезең-кезеңімен бекітіп, байланыс желілерін бүлдіргені үшін жауапкершілікті күшейтуді ұсынамыз", – деді Мусин.
Премьер-министр Олжас Бектенов бұл ұсынысты қолдады.
"Жауапкершілікті күшейту туралы ұсынысты қолдаймын. Жаслан Хасенұлы (Мәдиев – Қазақстан Премьер-министрінің орынбасары, жасанды интеллект және цифрлық даму министрі. – Ред.), қажетті шешімді енгізіңіз", – деді ол.
Жаслан Мәдиев бұл ұсыныс мемлекеттік органдармен келісіліп жатқанын хабарлады.
"Біз бұл ұсыныстарды толық қолдаймыз. Сондықтан Парламентке барған кезде қосымша баяндама жасаймыз", – деп сендірді министр.
Бұған дейін Жаслан Мәдиев 2027 жылдың соңына қарай мобильді байланыстың қай технологиясы қолданыстан шығатынын айтқан болатын.