Саясат Нұрбек бүгінгі таңда "Болашақ" бағдарламасы бойынша шетелде ғылыми тағылымдамадан өтіп жатқандар арасында жасы 70-ке жақындап қалған екі стипендиат барын атап өтті.
"Біреуі - 68-де, екіншісі - 70 жаста. Сондай-ақ, тағы бір түлек 67-68 жасында Ресейде, Санкт-Петербург мемлекеттік университетінің базасында тағылымдамадан өтті. Бұрын бағдарлама бойынша 40 жасқа дейінгі жас шектеуі болған. 2012 жылы біз "40+" санатындағы тәжірибелі мамандарға кәсіби тағылымдамадан өтуге мүмкіндік беру үшін бұл шектеуді алып тастадық. Қазір жас шектеулері нақтыланды: егер зейнеткерлік жасқа кемінде үш жыл қалса, тағылымдамадан өтуге болады. Яғни, ер адамдар үшін шекті жас - 61 жас (64 минус 3), әйелдер үшін – 57 жас (60 минус 3). Бұл өзгерістер биыл күшіне енеді", - деп түсіндірді министр.
Оның айтуынша, мұндай өзгерістер Қасым-Жомарт Тоқаевтың ескертулерінен кейін емес, жоспарға сай енгізілген.
Бұған дейін, 2025 жылғы 14 наурызда Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтай отырысында қазақстандық ғалымдарды "Болашақ" бағдарламасы бойынша шетелге тағылымдамаға жіберу тәртібін сынға алған болатын. Мемлекет басшысы ғылымға жақындығы жоқ ғалымдар шетелде жүргенін айтқан.