Ұлттық валютадағы бүлінген банкноттарды айырбастауға қатысты ҚР Ұлттық банкінің банкноттар мен монеталарды сараптамадан өткізу басқармасының бастығы Асқат Мұқамадиев түсіндірме берді, деп хабарлайды Zakon.kz.
Қазақстан Ұлттық банкінің филиалдарына сараптамадан өткізу үшін әртүрлі банкноттар түсіп жатады, олар: тозған, күйген, жыртылған ақшалар. Бұл банкноттардың барлығы фрагменттері бойынша қайта құрастырылып, қалпына келтіріледі. Жыл басынан бері ҰБ жарамдылығы күмән тудыратын банкноттар мен монеталардың 3079-ын қабылдап, солардың арасынан 2542 банкнотты айырбастап берді. Олардың көбі жыртылған, күйген, ескіріп, жуылып кеткен.
Егер банкноттың 50%-дан көп бөлігі жақсы сақталған болса, оны ҰБ филиалдарына жарамдылығы жағынан күмәнді банкнот ретінде сараптамаға тапсырып, шын ақша екенін тексертуге болады.
Ол үшін банкноттың қалған бөлігін ұқыптап жинап алу керек. Қандай жағдайға қарамастан, банкнотты бүлінген дүниенің ішінен, әмияннан, басқа да ыдыстан алмаған дұрыс. Әйтпесе банкноттар одан бетер жыртылып, оның шын ақша екенін анықтау қиынға түседі. Бүлінген ақшаны жұмсақ затқа орап, үлкендеу қорапқа салып алу керек. Осыдан кейін оны сараптамадан өткізу үшін Ұлттық банктің аумақтық филиалына өткізесіз. Тексеруге болатын, аумағы сақталған бүлінген банкноттар жаңа ақшаға айырбасталады. Алайда оны тексеру біраз уақыт алуы мүмкін. Ең бастысы, сараптама тегін жасалады.
Егер банкнот өз көлемінің кемінде 70% сақтаған болса және оның номиналын көрсететін (жазбаша және сан түріндегі) сандар қатты бүлінбеген болса (егер банкноттың шын ақша екенін растауға кедергі болмаса), ескіргеніне қарамастан, ол төлемге жарамды ақшаға айырбасталады. Ондай банкноттарды екінші деңгейлі банктерге, ҰБ филиалдарына немесе «Қазпошта» АҚ-на барып, айырбастап алуға болады.
Айта кетейік, ЕДБ өздерінің ішкі нормативтік құжаттарына сай, қызмет көрсеткені үшін комиссиялық төлем алуға құқылы.
Аумақтық филиалдардың мекенжайы мен байланыс нөмірлері ҰБ сайтында жазылған.