Бірінші несие бюросының талдау орталығы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің Ұлттық статистика бюросы мәліметтеріне сүйене отырып, 2022 жылдың III тоқсанында қазақстандықтар орта есеппен 299,8 мың теңге табыс тапқанын мәлімдеді. Бұл бір жыл бұрынғыдан 56,1 мың теңгеге артық. Бюро мәліметінше, инфляцияны түзеткеннен кейін де өсім 5,8% болды.
"Екінші тоқсанда қазақстандықтар орташа есеппен 700 доллардан астам табыс тапты, бұл – соңғы 7,5 жылдағы ең жақсы көрсеткіш".Бірінші несие бюросы
Бюро ұсынған мәлімет бойынша, осы жылдың сәуір айында әр алтыншы қызметкер 100 мың теңгеден аспайтын жалақы алған. Сондай-ақ жалақы географияға да байланысты екені айтылды. Мысалы, соңғы жылы Атырау, Маңғыстау және Ұлытау облыстарында жалақы жылдам өсті. Бұл – жалақысы жоғары болған өңірлер. Оңтүстік өңірлерде жалақы республикалық деңгейден төмен қарқынмен өсіп жатыр.
Статистика жоғары білімі бар қызметкерлердің жалақысы басқаларға қарағанда 84,7%-ға көп екенін көрсетті. Ал жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар жұмысшылардың жалақысы жоғары оқу орнын аяқтағандарға қарағанда 28,4 пайызға артық. Ірі компанияларда жұмысшылар сәуір айында орта бизнестегі жұмысшыларға қарағанда 20,8%-ға, шағын кәсіпкерліктегі қызметкерлерге қарағанда 57%-ға артық жалақы алды. Меншік нысанына қарайтын болсақ, онда шетелдік компаниялардағы бір қызметкердің орташа жалақысы 460,7 мың теңге болса, бұл жеке сектордағыдан 58,3%, ал мемлекеттік кәсіпорындардағы жалақыдан 2 есе жоғары. Көп жағдайда ең жоғары орташа жалақыны 35-44 жас аралығындағы жұмысшылар алады.
Сондай-ақ бюро ерлер мен әйелдердің жалақысы арасында айырмашылық бар екенін атап өтті. Бір салада бір лауазымда жұмыс істей отырып, қызметкерлер екі түрлі жалақы ала алады. Қаржы немесе сақтандыру компаниясындағы даму менеджері әйел әріптесіне қарағанда 9,3 есе көп жалақы алады. Ал өңдеуші өнеркәсіптегі HR директорлары ішінде ерлерге қарағанда әйелдер екі есе көп жалақы алады.