Data HUB Telegram арнасының мәліметінше, республикамздың солтүстік шығысында тұратын азаматтар алкоголь өнімдері мен темекіге көп ақша жұмсайды.
- Шығыс Қазақстан облысында 2022 жылдың III тоқсанында әрбір тұрғын алкоголь өнімдеріне 3 230 теңгесін жұмсаған, бұл - орташа республикалық деңгейден 2,4 есе көп көрсеткіш, ал темекіге 7 482 теңгесі кеткен (еліміз бойынша орташа көрсеткіштен 2,2 есе көп);
- Павлодар облысында алкоголь өнімдері шығынын әрбір тұрғынға шаққанда 3 05 2 теңге, ал темекіге кететіні 8 957 теңгені құрады;
- Солтүстік Қазақстан облысында аталған сәйкес көрсеткіштер 2 772 теңге және 7 631 теңгеге сай келеді.
Ал Маңғыстау облысының тұрғындары жаман әдеттерден әлдеқайда бойын аулақ ұстайтыны байқалады. Орташа есеппен әрбір тұрғын алкоголь өніміне тоқсанына 151 теңге (шамамен 3 айда бір рет сыра банкісін сатып алады), ал темекіге 694 теңге (айына бір қорабын) жұмсайды.
Республикамыз бойынша орташа есеппен адам басына шаққанда алкоголь өнімдеріне жұмсалған шығын 1 351 теңгені құрайды, бұл 2021 жылғы шілде мен қыркүйек аралығында тіркелген көрсеткіштен 3,2%-ға аз. Ал темекіге жұмсалатын шығындар өсу үстінде: бір адамға тоқсанына 3415 теңгеден келеді, бұл - бір жыл бұрынғы деңгейден 10%-ға артық көрсеткіш.