Әр министр, облыс әкімі және ұлттық холдингтер мен компаниялардың басшылары еңбек кірісін арттыру, сапалы жұмыс орнын құру арқылы азаматтардың әл-ауқатын жақсарту бойынша жүйелі шаралар қабылдап, әлеуметтік-экономикалық басым мәселелердің тиімді шешімін табуы қажет. Бұл туралы Әлихан Смайылов үкімет отырысында айтты.
"Әр өңірдің ел экономикасының тұрақты және сапалы өсуін қамтамасыз етуге қосатын үлесі маңызды. Облыс әкімдері әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыруға ерекше назар аударуы керек. Жылдағы мақсат инфляцияны екі есеге - 9,5%-ға дейін төмендету. Бұл үшін құралдар бар. Бұл туралы бір емес, бірнеше рет айтқанбыз. Инфляцияны бақылау және төмендетудің жаңартылған жоспарын жүзеге асыру үшін барлық қажет шараны қабылдау қажет".Әлихан Смайылов
Ол қаржы тәртібін нығайту және мемлекеттік бюджет шығысының тиімділігін арттыру маңызды екенін айтты.
Қазақстанда инфляцияның өсуі жалғасып жатыр. Ұлттық банктің мәліметінше, инфляцияның айлық серпіні 2022 жылғы наурыздағы күйзеліс деңгейінен кейінгі шыңынан (3,7%) төмендеген. Бірақ соған қарамастан орташа жылдық мәннен айтарлықтай жоғары деңгейде сақталып, қаңтарда 1,1%-ға дейін біртіндеп тұрақтанды. Жылдық мәнде инфляция биыл қаңтар айында 20,7%-ға жетті.