ҚДБ мен Қытай инвестициялық жобаларды қаржыландыруға арналған келісімге қол қойды

"Қазақстанның Даму Банкі" АҚ және Қытайдың Мемлекеттік Даму Банкі Бас кредиттік келісімге отырды, деп хабарлайды Zakon.kz.

"ҚДБ" АҚ Қоғаммен байланыс қызметінің хабарлауынша, аталған құжатқа 18 мамырда Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ҚХР-ға мемлекеттік сапары аясында "Бәйтерек" ұлттық басқарушы холдингінің басшысы, ҚДБ Директорлар кеңесінің төрағасы Қанат Шарлапаев және ҚМДБ президенті Тань Цзюн қол қойды.

Келісім бойынша лимит сомасы 300 млн АҚШ долларын құрады.

"Соңғы жылдары Қазақстанның Даму Банкі Қытайдың Даму Банкімен бірнеше кредиттік келісімдерге қол қойды, бұл Қазақстандағы бірқатар маңызды инвестициялық жобаларды қаржыландыруға жәрдемдесті. Біз бұл ынтымақтастықты жоғары бағалаймыз және алдағы уақытта да екі елдің экономикасын дамыту жолындағы бірлескен күш-жігеріміз жемісті және өзара тиімді болады деп үміттенеміз", - деп атап өтті өз сөзінде Қанат Шарлапаев.

Аталған қаражат Қазақстан экономикасының химия және тау-кен өндірісі сияқты салаларындағы, энергетика, көлік, құрылыс материалдарын өндіру, ауыл шаруашылығы және басқа да секторлардағы инвестициялық жобаларды қаржыландыру үшін пайдаланылуы мүмкін.

Бұл желі қытайлық контентпен байланыссыз қазақстандық инвестициялық жобаларды қаржыландыру үшін АҚШ долларымен ашық. Бұл ретте Қазақстанның өнеркәсіптік әлеуетін дамытуға, орта және жоғары қайта бөлу тауарларын шығаруға, сондай-ақ қазақстандық қамтудың жоғары үлесі бар жобалар басымдыққа ие болады. 

Қазақстан Қытай
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: