Ұлттық банк басшысы банктерге салынатын салық көлемін өсіру жайлы: Түпкілікті шешім қабылданған жоқ

Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов 2024 жылғы 12 шілдеде өткен брифингте банктерге салынатын корпоративтік табыс салығы (КТС) көлемін ойын бизнесіне салынатын салық көлемімен (25%) теңестіру ықтималдылығына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Zakon.kz.

Тимур Сүлейменов банктер мен ойын бизнесі табыстылығы жағынан бірдей бола бермейтінін ескертеді.

"Бір-біріне де жақындамайды. Банктер - бұл жоғары деңгейде реттелетін ұйымдар, бізде 20 миллион адамға барлығы 21 банк қызмет көрсетеді. Олардың қызметі жіті қадағаланып, қатаң реттеліп отырады, сондықтан олардың барлық кірістері, шығыстары, капиталдары екі реттеуші орган – ҚНРДА және Ұлттық банктің ұдайы назарында. Бұл - ашықтығы жағынан мүлдем екі бөлек сала. Банктер - кез-келген экономиканың қанайналым жүйесі. Сондықтан, экономика жүйесіндегі банк саласының пайдалылығын, жүйелілігін және маңыздылығын ескере отырып, олар да басқалар сияқты салық режимінде болуы тиіс деп есептейміз", – деді ҚР Ұлттық банктің басшысы.

Оның айтуынша, егер өсім экономиканың барлық саласын қамтитын болса, онда мәселе басқаша.  

"Егер Үкімет пен Парламент КТС жалпы 25%-ға көтеріледі десе, онда оның банктер де қатысы да болады. Ал егер банктерді бөліп-жарып, соңғы екі жылда жоғары кіріс тапқандарды жазаласа. Бұл жылдар банктер үшін өте жақсы болды, өйткені базалық мөлшерлеме жоғары болды ғой. Бірақ базалық сыйақы мөлшерлемесі төмендеп келеді, ол мәңгі жоғары болып тұрмайды және банктердің табыстылық деңгейі қандай болады, оны болашақ көрсетеді", – деді Тимур Сүлейменов.

Қазір ҚР Ұлттық банктің басшысы атап өткендей, Үкіметпен келіссөздер жүргізіліп жатыр. 


"Олар бәрін жақсы түсініп отыр. Түпкілікті шешім қабылданған жоқ. Біздің ұстанымымыз түсінікті, анық және дәйекті – банктер негізгі экономика сияқты салық режимінде болуы тиіс", - деп сөзін түйіндеді Тимур Сүлейменов.

Естеріңізге сала кетейік, Қазақстанның жаңа Салық кодексінің жобасында банктерге салынатын корпоративтік табыс салығын (КТС) ойын бизнесі салығы көлемімен, яғни 25%-ға теңестіру ұсынылады. 

Қазақстан
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: