Доллар үздік ондыққа "әрең" ілінді: Әлемдегі ең қымбат валюталар тізімі

Сурет: unsplash
АҚШ доллары әлемдегі басты валюта саналғанымен, бір ақша бірлігінің құны жағынан үздік ондықтың соңына тұр. АҚШ долларынан қымбат қандай валюталар бар және мұның себебі неде Zakon.kz тілшісі зерттеп көрді.

Доллар – небәрі оныншы орында

АҚШ доллары әлі де әлемдегі негізгі резервтік валюта болып саналады. Халықаралық валюта қорының (IMF) мәліметінше, 2026 жылдың бірінші тоқсанында әлем елдерінің орталық банктеріндегі валюта резервтерінің 57,13%-ы доллардың үлесіне тиесілі болған.

Халықаралық есеп айырысулар банкінің (BIS) дерегіне сәйкес, әлемдік валюта нарығындағы барлық операциялардың шамамен 88%-ына АҚШ доллары қатысады.

Ал халықаралық SWIFT төлем жүйесінің есебіне сәйкес, 2026 жылдың қаңтарында халықаралық төлемдердің 49,7%-ы доллармен жүргізілген. Салыстырып қарасақ, еуроның үлесі шамамен 22%, британ фунты – 7%, ал жапон иені мен қытай юані – шамамен 3%-дан келеді.

Қай валюталар қымбат?

Әлемдегі ең қымбат валюта ретінде Кувейт динары танылды. Қазақстан Ұлттық банкінің ресми бағамы бойынша оның құны 1530,21 теңге. Екінші орында – Бахрейн динары (1245,10 теңге), үшінші орында – Оман риалы (1220,42 теңге).

Сурет: Zakon.kz

Көш басында Парсы шығанағы елдерінің валюталары неге тұр?

Алғашқы үш орынды Кувейт, Бахрейн және Оманның валюталары иеленген. Бұл үш мемлекет те мұнай мен газды ірі көлемде экспорттайтын елдердің қатарына кіреді. Энергия ресурстарын сатудан түсетін жоғары табыс оларға қомақты алтын-валюта қорын жинақтауға, инфляцияны төмен деңгейде ұстауға және сақ ақша-несие саясатын жүргізуге мүмкіндік береді.

Сонымен қатар бұл елдердің ұлттық валюталарының бағамы АҚШ долларына қатысты тұрақты немесе қатаң бақыланатын деңгейде ұсталады. Соңғы жылдары бұл мемлекеттердің үкіметтері қаржы секторын, логистиканы, туризмді және басқа да салаларды белсенді дамытып, экономиканың мұнай-газ саласына тәуелділігін біртіндеп азайтып келеді.

Төртінші орынды Иордания динары иеленді. Иорданияда мұнай өндірісі жоқтың қасы болғанымен, оның ұлттық валютасының бағамы да АҚШ долларына байланған. Динардың тұрақтылығын елдің Орталық банкі қамтамасыз етеді. Ол 1995 жылдан бері доллармен белгіленген айырбас бағамын сақтап келеді.

Неліктен алғашқы ондықта екі фунт пен екі доллар бар?

Бесінші орында британ фунт стерлингі тұр. Оның құны – 632,56 теңге. Фунттың жоғары бағасы Еуропадағы ең ірі экономикалардың біріне ие Ұлыбританияның күшімен ғана емес, Лондонның Нью-Йоркпен бірге әлемдегі ең ірі екі қаржы орталығының бірі болуы арқылы да сақталып отыр. New Financial International Financial Centres Index 2026 дерегіне сәйкес, бүгінде АҚШ пен Ұлыбритания ғана әлемдік деңгейдегі шынайы жаһандық қаржы орталықтары болып саналады.

Алтыншы орында Гибралтар фунты орналасқан. Оның құны – 610,81 теңге. Бұл валюта Ұлыбританияның теңіз асып жатқан аумағында қолданылады және бағамы британ фунтымен 1:1 деңгейінде бекітілген. Сондықтан оның бағамы фунт стерлингтің қозғалысын толық қайталайды.

Жетінші орында Кайман аралдарының доллары тұр. Оның құны – 563,82 теңге. Бұл валютаның бағамы да АҚШ долларына қатысты тұрақты деңгейде белгіленген. Кайман аралдары Кариб өңіріндегі ең ірі халықаралық қаржы орталықтарының бірі саналады. Соңғы бір жыл ішінде ол Global Financial Centres Index рейтингінде бірден 18 орынға көтеріліп, Бермуд аралдарынан кейінгі өңірдегі екінші маңызды қаржы орталығына айналды.

Сегізінші орында Швейцария франкі орналасқан. Оның құны – 580,42 теңге. Әлемдік дағдарыстар кезінде бұл валюта дәстүрлі түрде ең сенімді "қауіпсіз валюта" ретінде саналады. Бұған Швейцариядағы саяси тұрақтылық, Ұлттық банктің тәуелсіз саясаты және қаржы жүйесінің жоғары сенімділігі себеп. Еуропалық орталық банк швейцар франкін АҚШ доллары мен жапон иенімен қатар классикалық Safe Haven Currencies ("қауіпсіз валюталар") қатарына жатқызады.

Ал тоғызыншы орында еуро тұр. Оның құны – 542,16 теңге. Қазіргі таңда еуро – Еуропалық одақтың 20 мемлекетінің ресми валютасы және әлемдегі маңызы жағынан екінші резервтік валюта.

Еуропалық орталық банктің мәліметінше, әлемдік валюта резервтерінің шамамен 20%-ы еуроның үлесіне тиесілі. Сонымен қатар еуро халықаралық саудада, төлемдерде және қаржы нарықтарында маңыздылығы жағынан әлемдегі екінші валюта мәртебесін сақтап келеді.

Бұған дейін 6 тамыздағы саудада доллар тағы арзандағанын жазғанбыз.

Қазақстан

Оқи отырыңыз

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:

Танымал жаңалықтар

Виза үшін 20 мың долларға дейін: АҚШ 50 ел азаматына тұрақты кепілдік енгізеді

"Жақсы жаңалығым бар!". Мемлекеттік білім гранттары иегерлерінің тізімі 7 тамызда жарияланатыны белгілі болды

Қазақстан мектептерінде кейбір пәндердің атауы өзгеріп, жаңа сабақтар енгізілді

Тоқаев қазақстандықтарды Жеңіс күнімен құттықтады

ШҚО-да су бетіне сапбордпен шыққан екі шетелдік қиын жағдайға тап болды