Қолма-қол ақшаға қарағанда электронды төлем басым
2026 жылдың алғашқы алты айында қазақстандықтар жалпы сомасы 92,1 трлн теңгеге 7,1 млрд қолма-қол ақшасыз операция жасаған. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда операциялар саны 5,1%-ға, ал көлемі 4,2%-ға өскен. Мұндай деректерді Қазақстан Ұлттық банкі 2026 жылдың бірінші жартыжылдығындағы төлем қызметтері нарығының даму шолуында келтірді.
Бұл ретте қолма-қол ақша шешіп алу көлемі азайып келеді: банкоматтардан ақша алу операцияларының саны 5,8%-ға, ал көлемі 3,8%-ға төмендеген.
Қазір қолма-қол ақшасыз операциялар халық жасаған барлық операциялардың 98%-ын, ал көлемінің 88%-ын құрайды. Банктердің онлайн сервистерін 29,4 млн адам белсенді пайдаланады.
QR-код пластик картаны басып озды
Қолма-қол ақшасыз төлемдер нарығындағы ең елеулі өзгеріс – QR арқылы төлем жасау көлемінің артуы. QR-төлемдер POS-терминалдар арқылы банк картасымен төлем жасауды басып озды.
Алты ай ішінде QR-код арқылы күн сайын орта есеппен 11 млн операция жасалып, олардың жалпы сомасы 57,3 млрд теңгені құраған. Ал POS-терминалдар арқылы картамен күніне шамамен 8 млн операция жасалып, көлемі 50,8 млрд теңге болған.
Нәтижесінде QR-операциялар саны POS-терминалдардағы карталық операциялардан 38%-ға, ал көлемі 13%-ға жоғары болды.
POS-терминалдар арқылы жасалатын төлемдердің құрылымында да айырмашылық бар: QR операциялардың 58%-ын және олардың жалпы көлемінің 53%-ын құраса, банк карталары тиісінше 42% және 47%-ды құрайды.
Сонымен қатар QR көбіне салыстырмалы түрде шағын сатып алулар үшін қолданылады. Бір QR операциясының орташа сомасы 5,2 мың теңге болса, POS-терминал арқылы картамен төлем жасаудың орташа сомасы 6,4 мың теңгені құрайды.
Смартфон сенімді әмиянға айналды
Қазір Қазақстандағы қолма-қол ақшасыз операциялардың 80%-ы саны бойынша және 90%-ы көлемі бойынша интернет, банктердің мобильді қосымшалары мен QR-кодтар арқылы жүзеге асырылады.
Сонымен қатар банктердің онлайн сервистерін белсенді пайдаланушылар саны да артып келеді. 1 шілдедегі жағдай бойынша олардың саны 29,4 млн адамға жеткен. Бұл бір жыл бұрынғы көрсеткіштен 9%-ға көп.
Банк картасының өзі де өзгеріп жатыр. Айналымда 83,6 млн төлем картасы болғанымен, олардың 41,9 миллионы ғана белсенді пайдаланылған.
Белсенді карталардың жартысынан астамы виртуалды карталарға тиесілі: олардың үлесі 53%-ға жеткен. Ал физикалық карталардың үлесі 47% болды.
Бірыңғай QR нарықты өзгерте ме?
2026 жылдың жазында Қазақстанда бірыңғай QR іске қосылып, төлем жүйесінің жаңа кезеңі басталды. Жүйеге банктердің басым бөлігі қосылды. Енді сатып алушылар қай банктің қосымшасын пайдаланса да, тауарлар мен қызметтерді бір QR-код арқылы төлей алады.
Банкаралық мобильді төлемдер жүйесінің алғашқы нәтижелері де белгілі болды: жұмыс істеген алғашқы айда жүйе 210 млрд теңгеге 8 млн-нан астам транзакция өңдеген.
Ұлттық банк жүйенің мүмкіндіктерін кеңейтуді жоспарлап отыр. Болашақта ол арқылы банкаралық шот ұсыну, трансшекаралық төлемдер және электронды саудада QR-кодтарды пайдалану мүмкіндіктерін дамыту көзделген.