Алтын нарығындағы кері үрдіс
Соңғы бір жылда Қазақстанда алтын айтарлықтай арзандады. Егер 2025 жылғы 13 қазанда бағалы металдың бір грамы ресми түрде 69 290,93 теңге тұрса, 2026 жылғы 13 қазанда оның бағасы 61 104 теңгеге дейін төмендеді. Айырмашылық — 8 187 теңге немесе 11,8%.
Жыл басынан бергі төмендеу одан да айқын. 2026 жылғы 5 қаңтарда Ұлттық банк алтынның бір грамын 70 924,74 теңгеге бағалаған. Осылайша, тоғыз жарым айда металдың бағасы 9 821 теңгеге немесе 13,8%-ға арзандады.
Ал әлемдік нарықтағы жағдай басқаша. Investing платформасының 13 қазандағы баға белгілеулеріне сәйкес, алтынның бір трой унциясы шамамен 4 192–4 195 доллар тұрады. Бір трой унция — 31,1035 грамм.
Соңғы 12 айда металдың бағасы 2,03%-ға өскен, ал бес жылда әлемдік нарықтағы құны шамамен 134%-ға артқан.
Дегенмен осы кезеңде баға күрт құбылды. 2026 жылдың басында алтынның бір унциясы шамамен 5,3 мың долларға жетіп, кейін құлдырай бастады. Соңғы алты айда баға 11,54%-ға, ал бір айда 3,55%-ға төмендеді.
Қазақстанда алтын бір жылда шамамен 12%-ға арзандағанымен, әлемдік нарықта доллармен есептегенде сәл қымбаттағаны неліктен?
Мұның себебі валюта бағамына байланысты. Қазақстандағы алтынның бір грамының бағасы әлемдік баға белгілеулеріне де, доллар құнына да тәуелді. Сондықтан ұлттық валютаның нығаюы әлемдік нарықта алтын доллармен қымбаттағанның өзінде оның теңгедегі бағасының төмендеуіне әкелуі мүмкін.
Алтынның беделі неліктен әлсіреді?
Әлемдік бағалы металдар нарығына бір-біріне қайшы бірнеше фактор әсер етіп отыр. Бір жағынан, алтын ірі инвесторлар мен орталық банктер арасында сұранысқа ие. Екінші жағынан, жоғары пайыздық мөлшерлемелер мен доллардың нығаюы балама қаржы құралдарын тартымды ете түседі.
ANZ (Australia and New Zealand Banking Group — Австралия мен Жаңа Зеландияның ірі банк тобы) сарапшылары алтынға деген инвестициялық қызығушылықтың сақталып отырғанын атап өтті. Bloomberg те алтынмен қамтамасыз етілген биржалық инвестициялық қорларға (ETF) капитал ағыны соңғы төрт жылдағы ең жоғары деңгейге жеткенін жазады. Инвестиция көлемінің өсуі капиталды қорғау құралы ретінде бағалы металға қызығушылық әлі де жоғары екенін көрсетеді.
Әлемдік нарықты қолдайтын тағы бір фактор — орталық банктердің сұранысы. Мәселен, Қытай Халық банкі 2026 жылғы қыркүйекте алтын қорын 740 мың трой унцияға, яғни шамамен 23 тоннаға ұлғайтты. Нәтижесінде алтын қоры 77,47 млн унцияға жетті. Қытайдың алтын сатып алу үрдісі қатарынан 23 ай бойы жалғасып келеді.
Business Recorder басылымының Қытайдың ресми статистикасына сілтеме жасап хабарлауынша, қыркүйектегі толықтыру соңғы үш жылдағы ең ірі сатып алу болды.
Алайда сарапшылар инфляцияға және АҚШ-тың ақша-несие саясатына байланысты тәуекелдер бар екенін ескертеді. Егер тұтыну бағаларының өсуі жоғары деңгейде қалса, АҚШ-тың Федералдық резерв жүйесі (ФРЖ) қатаң несие саясатын жалғастыруы немесе пайыздық мөлшерлемелерді көтеруі мүмкін.
Мұндай сценарий алтын үшін қолайсыз. Депозиттер мен облигациялардан айырмашылығы, бағалы металл тұрақты пайыздық табыс әкелмейді. Сондықтан мөлшерлемелер жоғары болған кезде инвесторлардың бір бөлігі АҚШ-тың мемлекеттік бағалы қағаздарын қоса алғанда, борыштық құралдарды таңдауы мүмкін.
Таяу Шығыстағы қақтығыстың шиеленісуі де жағдайды күрделендіріп отыр. Мұнай бағасының өсуі әлемдік инфляцияға қатысты алаңдаушылықты күшейтіп, ақша-несие саясатының одан әрі қатаңдауы мүмкін деген қауіп туғызады. Бүгінде Brent маркалы мұнайдың бағасы барреліне 105,55 долларға жуықтады.
Осылайша, әдетте алтынға сұранысты арттыратын геосаяси шиеленіс пайыздық мөлшерлемелердің жоғары деңгейде сақталуына да жағдай жасап, бағалы металдың нарықтық бағасына қысым түсіреді.
Ұлттық банк алтынды долларға айырбастап жатыр
Әлемдік нарықта алтын арзандаған тұста Қазақстан Ұлттық банкі халықаралық резервтерінің құрылымын қайта қарауға шешім қабылдады. Бұған дейін бағалы металды ең көп сатып алатын орталық банктердің қатарында болған реттеуші алтынның резервтердегі үлесін қазіргі 78%-дан 2026 жылдың соңына қарай 75%-ға дейін төмендетуді көздеп отыр.
Бұл туралы Ұлттық банк төрағасының орынбасары Әлия Молдабекова 12 қазанда мәлімдеді, деп жазады Bloomberg.
Қазір Қазақстанның алтын қоры 386 тоннаны құрайды. Тамызда бұл көрсеткіш 377 тонна болған. Ал қыркүйектің соңында елдің халықаралық резервтерінің жалпы көлемі 66,4 млрд долларға жетті. Мұндай құрылым реттеушінің бір металдың бағасының өзгеруіне тәуелділігін арттырады.
Алтын үлесін қысқартудың шамамен жартысы опциондармен жасалатын операциялар есебінен, қалған бөлігі физикалық алтынды сату арқылы жүзеге асырылмақ. Опцион — белгілі бір активті алдын ала келісілген шарттармен сатып алу немесе сату құқығын беретін қаржы келісімшарты.
Алдын ала есеп бойынша, сатылатын физикалық алтынның көлемі шамамен 12 тонна, құны 1,6 млрд доллар болуы мүмкін. Алайда бұл — бағалау ғана, Ұлттық банк бекіткен нақты сату көлемі емес.
Басқа сценарий де бар. Егер әлемдік нарықта алтынның бір унциясының бағасы 4 мың доллардан төмен түссе, қосымша сатылым жасалмаса да, оның резервтердегі үлесі жоспарланған деңгейге дейін азаюы мүмкін. Себебі баға төмендеген кезде қолда бар алтын қорының доллармен есептелген құны да кемиді.
Айта кетейік, Қазақстан 2025 жылғы ақпаннан бері халықаралық резервтерінен алтын сатпаған. Бұған қоса, Дүниежүзілік алтын кеңесі (World Gold Council) Қазақстанды 2026 жылдың алғашқы сегіз айында бағалы металды ең көп сатып алған елдердің арасында төртінші орынға қойды.
Қазақстанның алтын сатуы нарықтағы бағаны құлдата ма?
Ұлттық банктің шешіміне экономист Елдар Шамсутдинов пікір білдірді. Оның айтуынша, әзірге алтыннан жаппай бас тарту туралы сөз болып отырған жоқ. Дегенмен резервтердегі металдың үлесін азайту жөніндегі нақты мақсаттың жариялануы нарық үшін маңызды белгі саналады.
"3% — көп емес, бірақ бұл Ұлттық банктің резервтердегі алтын үлесін азайту ниеті туралы алғашқы сандық белгісі. Сондай-ақ АҚШ қазынашылық облигацияларының жоғары кірістілігі долларлық активтерді алтынға балама ретінде қайтадан тартымды етіп отырғаны анық", — деді Елдар Шамсутдинов.
Трежерис (Treasuries) — АҚШ-тың қазынашылық облигациялары, яғни инвесторларға пайыздық табыс әкелетін мемлекеттік борыштық бағалы қағаздар. Алтыннан айырмашылығы, олар нарықтық құнының өзгеруінен бөлек, пайыздық төлемдер арқылы да табыс алуға мүмкіндік береді.
Экономистің пікірінше, Қазақстан жариялаған жоспарлар әлемдік алтын бағасының міндетті түрде одан әрі төмендейтінін білдірмейді. Реттеуші шынымен шамамен 12 тонна алтын сатса да, оның нарыққа әсері сату мерзімі мен тәсіліне, сондай-ақ басқа нарық қатысушыларының сұранысына байланысты болады. Оның үстіне көптеген елдің орталық банктері алтын қорын толықтыруды жалғастырып келеді.
Бұл операциялар теңге бағамына әсер ете ме?
Шамсутдиновтің назар аударуынша, 2026 жылдың төртінші тоқсанында Ұлттық банк алтын сатып алу операцияларын 907 млрд теңгеге айналық операциялар арқылы өтеуді жоспарлаған.
Бұл — ішкі нарықта алтын сатып алу операцияларының ақша массасына әсерін бейтараптандыру үшін валютамен кері операциялар жүргізу тетігі.
Экономистің айтуынша, қыркүйекте нарықтағы валюта ұсынысының шамадан тыс көп болуына байланысты валютаны сатудың бір бөлігі кейінге қалдырылған. Сондықтан бұл операциялар қайта басталуы мүмкін.
Алайда мұнда екі түрлі процесті шатастырмаған жөн.
Халықаралық резервтердегі алтынды долларға сату алынған валюта бірден Қазақстан қор биржасына (KASE) түседі дегенді білдірмейді. Сондықтан Ұлттық банктің жоспарына ғана сүйеніп, теңге автоматты түрде нығаяды деп күтуге әлі ерте.
Реттеуші әзірге алтыннан толық бас тартатынын мәлімдеген жоқ. Резервтердегі алтынның үлесі мақсатты 75%-ға жеткеннен кейін олардың құрылымы нарықтағы жағдайға қарай қайта қаралады. Алтынның қазіргі бағасы төмендегеніне қарамастан, Ұлттық банк әлемдік нарықта бағалы металл құны қалыпты қарқынмен өсуі мүмкін деп күтеді.
Бұған дейін алтынның болашақта пассив табыс қалыптастыру үшін капитал жинауға қалай көмектесетінін жазған едік.